Ызғарлы жылдары Бөрлі ауданында да талай адам сот үкімінің шешімімен ату жазасына кесілген.
Бөрлі ауданының құрметті азаматы болған, өзі де отбасымен қазақ еліне жер аударылған Мұхтар Боқаев көзі тірі кезінде репрессия жылдарында Бөрлі ауылында болған оқиғаларды айтып жүрген. Мәселен, ол кісі бұл үй репрессия жылдары халықтық ішкі істер комисиаратының ғимарат болып, бұл жерден 40 адамның ату жазасына кесілгендігі жөнінде айтқан. Ал суреттегі алып ағаш сонау зобалаң жылдардың куәгері екен. 1935-1937 жылдары осы ағаш түбінде қуғын сүргінге ұшыраған жандарды атып, маңдағы орға тастай салған.
Бөрлі ауданында бүгінде қуғын-сүргінге ұшыраған 8 адам тұрады. Олардың ата аналары репрессияға ұшырап, өздері лагерьде дүниеге келгендер. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Гүлнар Турееваның айтуынша, бүгінде олар мемлекеттен арнаулы жәрдемақы алып, кезектен тыс тұрғын үй алуға құқылы. Жазықсыз жаланы арқалағандардың балалары бүгінде мемлекеттен өзге де қызмет түрлері көрсетіледі. Алаш арыстарының қаны арқылы келген тәуелсіз мемлекетіміз талай ұлтқа пана болып, бауырына басты. Кейінгі ұрпақ тәуелсіздік тұғырын қалаған боздақтарын ұмытпауы тиіс.
Айым НҰРҒАЛИЕВА
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz