5.10.2024, 12:04
Оқылды: 6

Бөрлі ауданында өткен кездесуде үздік ұстаздар марапатталды

Ұстаздар мерекесі қарсаңында Бөрлі аудандық әкімдігінде "Ұстаз – ең алдымен, қадірлі маман" деген атаумен кездесу кеші өтті. Оған білім саласында көптеген жетістіктерге жетіп, түрлі байқаулардың жүлдегері атанған педагогтер қатысты.

IMG-20241004-WA0159

Мерекелік шараға аудан әкімінің орынбасары Алтай Тоғжанов, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Айымгүл Тржанова, аудандық педагог ардагерлер ұйымының төрағасы Роза Ахметова, аудан педагогтерінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Әсел Имашевалар қатысып, барлық ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Мерекелік құттықтау шарасын ашқан аудандық білім беру бөлімінің басшысы Айымгүл Тржанова сөз сөйлеп, 2023-2024 оқу жылы жеткен жетістіктерді атап өтті.

- Сіздерді мерекелеріңізбен құттықтай отыра, шығармашылық табыстар тілеймін. 2023-2024 жылғы оқу қорытындысы бойынша ауданымыздың білім сапасы 60,2 пайызды құрады. Биылғы жылы 11-сыныпты 444 түлек бітіріп, олардың 6-ы алтын белгі, 23-і үздік аттестат иегері атанды. 444 түлектің 221-і грант иегері атанып, 57 пайызды құрады. Бұл дегеніміз жақсы көрсеткіш. Бұл сіздердің еңбектеріңіздің арқасы. Биылдың өзінде облыстық, республикалық олимпиада, ғылыми жобаларда 44 жүлделі орынға ие болдық. Бүгінгі шараға ұстаздар, балабақша тәрбиешілері, мектептен тыс мекеме оқытушылары да қатысып отыр. Барлықтарыңыздың да аудан балаларының жеткен жетістіктерінде еңбектеріңіз орасан, - деді аудандық білім беру бөлімінің басшысы Айымгүл Мақсұтқызы.

IMG-20241004-WA0158

Бүгінгі мерекелік шараға қатысқан барлық ұстаздарға аудан әкімінің орынбасары Алтай Серғазыұлы аудан әкімінің атынан алғысхат, гүл және арнайы сыйлықтарды табыстады.

- Бүгінгі ұстаздар күніне арналған мерекелік құттықтау шарасы өте жоғары деңгейде өтті. Білімді де, білгір шәкірттеріміз көп болсын. Мен 2017 жылдан бері Бөрлі №1 ЖОББМ-де жаратылыстану, география пәнінен сабақ беремін. Ұстаздық жолымды осы мектептен бастадым. Барлық ұстаздарға ақылды шәкірттер мен толағай табыстар тілеймін, - дейді ұстаз Нұркен Ерланов.

Кездесу кеші «Ұстазым менің, ұстазым» атты әнді шырқап, естелік суретке түсумен аяқталды.

Айдана Абдрахманова

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале