ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұлттық мерекеміз 22 наурызды тойлаудың жаңа тұжырымдамасын бекітілген еді. Осыған орай халықты біріктіруші рөлін атқаратын Наурыздың бірегей логотипі де бекітілді. Ел Президентінің бастамасымен 14-23 наурыз аралығында Наурызнама онкүндігі жарияланып, осы аралықтағы әр күн белгілі бір тақырыпқа арналды.
Наурызнама тұжырымдамасы бойынша 17-наурыз - «Шаңырақ күні» деп аталады. Осы күнге байланысты «Шаңырағым шаттығым» деген атаумен Пугачев ауылдық моделді кітапханасының ұйымдастыруымен осы ауылдың байырғы тұрғындары, шаңырақ көтергендеріне 50 және 60 жыл толып отырған Бақтығалиев және Сельбаев отбасыларымен кездесу кеші өтті. Аталған отбасылармен кездесу үшін Бөрлі ОКЖ директоры Вероника Пермитина, Пугачев ауылының әкімі Мереке Ізтелеуов, ауылдық мәдениет үйінің директоры Талғат Жупиев және ауылдық кітапхана ұжымы ата-апаларымыздың үйлеріне арнайы барып, құттықтады. Кездесу барысында ән де, әңгіме де айтылып, мерейгер отбасылардың өмір жолдарынан қызықты оқиғалар тыңдалды.
Отбасылардың бірі Темірхан мен Әлима Бақтығалиевтердің отасқандарына биыл 60 жыл толады екен. Темірхан атамыз 1939 жылы Шыңғырлау ауданының Қарағаш ауылында дүниеге келген. Бөрлі техникумында бухгалтерлік есеп мамандығын бітіріп, ауылдағы селсоветте еңбек жолын бастаған. Туған жерінде секретаь, директордың орынбасары және 7-8 жыл бойы ауыл әкімі қызметтерін атқарған. Зейнет жасына жеткеннен кейін 2006 жылы Пугачев ауылына көшіп келіп, әлі күнге дейін осы ауылда тұрады. Әлима әже негізінен Башқұртстаннан екен. 1963 жылы келген қазақтармен бірге көшіп келген. 1964 жылы Әлима Мақымқызымен отау құрып, 5 қыз, 2 ұл тәрбиелеп, оладың бәрін оқытып, аяқтандырып, қазір шөбере сүйіп отырған ата-әже. Ата-әжеге барған кезімізде немерелері Айзеренің «Анашым» атты әнін де естідік. Қазіргі уақытта Темірхан ата 85, ал Әлима әже 80 жаста екен.
Барған екінші отбасымыз Дәулетәли мен Майра Сельбаевтардың шаңырақ көтергендеріне биыл 50 жыл. Дәулетәли Танкенұлы Пугачев ауылының беделді азаматтарының бірі, бұрын жүргізуші қызметін атқарған, қазір зейнеткер. Ал Майра Халелқызы Бөрлі ауданының құрметті азаматы, 15 жыл химия-биология пәндерінен сабақ берген ұлағатты ұстаз, 30 жыл мәдениет саласында еңбек етіп, зейнетке шыққан. Қазіргі уақытта Майра Халелқызы Бөрлі ауданы бойынша медиатор, қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы, ауылдық кітапхананың тұрақты оқырманы, кітапхана жанынан құрылған «Айман-Шолпан» қызығушылық клубының мүшесі екен. 1974 жылы отау құрған Дәулетәли мен Майра Сельбаевтар қазіргі таңда 3 ұлдан 7 немере сүйіп отыр. Қазіргі уақытта олар кіші баласымен бірге Пугачев ауылында тұрады екен.
Барған екі отбасыдағы да ата-әжелеріміз келген кісілерге рахметін айтып, баталарын берді. #nauryznamabqo
Айдана Абдрахманова,
Бөрлі ауданы