Бүгін сағат 18.30-дағы жағдай бойынша Бөрлі ауданындағы елді мекендерді су басуына байланысты Ақсу ауылының тұрғындарын эвакуациялау жүргізілді. Ақсай қаласында еріген қар суын сору жалғасуда. Жалпы аудан бойынша су басқан үйлердің есебі жүргізіліп жатыр.
Ауданның төтенше жағдайлар бөлімінің ақпараты бойынша, Шыңғырлау өзеніндегі су деңгейінің 736 см-ге дейін күрт көтерілуіне байланысты алдын ала мәліметтер бойынша Ақсу ауылындағы 50 тұрғын үйге су кірген. Эвакопунктке 123 адам эвакуацияланды және 69 (оның ішінде 34 бала) Ақсайға туыстарына барды.
Эвакуацияны ТЖ департаментінің күштері жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен жүргізді. Зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жануарларын қауіпсіз жерге айдау жұмыстары жүргізілуде.
Моноқала бойынша еріген қар суын соруға 497 өтінім келіп түсті. Қазірдің өзінде 476 жұмыс жасалды. Су тасқыны кезеңінің басынан бастап барлығы 43710 текше метр айдалды (соңғы тәулікте 5520).
Су тасқынына қарсы іс-шараларға 130 адам жұмылдырылды. Орындарға бір жарым мыңнан астам қап құм шығарылды, бұл жұмыс жалғасуда.
Мария Пирог,
Бөрлі ауданы