Бөрлі ауданының кітапқұмар оқырмандары үшін керемет жаңалық. Ауданымыздың Пугачев ауылдық және Ақсай қаласындағы №4 қалалық кітапханалары «Ауыл кітапханаларын модернизациялау» жобасы аясында жаңарып өз есіктерін оқырмандарына заманауи қалыпта айқара ашты. Жалпы модернизациялау кітапханалардың жұмысын жаңа бағытқа бұра отырып, заманауи технологияларды пайдалану мақсатында іске асырылып отырған жоба. Кітапханалардың модернизациядан өтіп, жаңаруы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Қазақстан халқына» және «Тана» қоғамдық қорларының қолдауымен, Батыс Қазақстан облысы мен Бөрлі ауданының әкімдіктерінің арқасында жүзеге асырылды.
«Қазақстан халқына» қоры, Батыс Қазақстан облысы әкімдігі және «TANA» қоғамдық қоры жүзеге асырып отырған қайырымдылық жобасы аясында облыстағы 356 кітапхананың 25-ін жаңартылып, қауымдастық орталықтарына айналдырылады.
Аталған кітапханалардың «Жаңа дәуір: жаңа қоғам – заманауи кітапхана» атты ашылу салтанатына аудан әкімдігінің аппарат басшысы Ерік Төлепқалиев, ақын, жұбантанушы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Үзілдік Елеубайқызы, Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының директоры Эльвира Аманғалиева және Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебеп кітапханасының Кітапханаларды дамыту бөлімінің меңгерушісі Лаура Сатыбалдиевалар қатысып, сөз сөйлеп, жаңа кітапхананың ашылуымен құттықтады. Сондай-ақ кітапханалардың ашылу салтанатына кітапхана ісінің ардагерлері мен тұрақты оқырмандары да қатысты.

Негізінен Пугачев ауылдық кітапханасы 1962 жылы ашылып, осы уақытқа дейін халық игілігі үшін қызмет етіп келеді. Аталған кітапханада 16 000-ға жуық кітап қоры мен 2000-ның аса оқырманы бар. Пугачев ауылдық кітапханасы 2012 жылы модельді кітапхана мәртебесіне ие болса, ал бүгінгі күні модернизациядан өтіп, заман талабына сай жаңарды.

Кітапхананың ашылу салтанатында кітапханашылар жаңа орталықпен таныстырып өтті. Жаңа Пугачев ауылдық кітапханасының кітап оқу залы екі бөлімнен тұрады. Орталықта «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында ел болып оқуға арналған «Қазақ әдебиетінің қос шырағы Тәкен Әлімқұлов пен Жұмекен Нәжімеденовтің шығармалары және биылғы жылы тойланатын мерейгер кітаптар бұрышы бар. Сонымен қатар оқу залында өлкеміздің тарихы туралы және «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында әртүрлі сериямен шыққан кітаптар орналасқан. Кітапхананың медиатека залы сандық технологиялар мен мультимедиалық ақпарат көздері, сапалы моноблоктар, жоғары жылдамдықты интернет және Wi-Fi қызметі қарастырылған. Жаңа орталықтың балалар бөлімінде түрлі ертегі, энциклопедия, танымдық суретті кітаптар мен комикстар бар. Жаңа кітапхана тек кітап оқитын орын ғана емес, сондай-ақ шығармашылық үйірмелері бар орын. Атап айтсақ, қолөнерге үйрететін «Шебер қолдар» үйірмесі, үстел ойындары, яғни, шахмат, тоғызқұмалақ ойнайтын интеллектуалды алаң мен конференция залы да қарастырылған.

Жаңадан ашылған №4 қалалық кітапханада да оқу залы, медиатека, балаларға арналған шығармашылық орталық, өнер залы, креативті кеңістік пен түрлі үйірмелер жұмыс жасайды. Аталған кітапхананың қазіргі уақытта кітап қоры 5000-ға жуық. Оның 800 данасы «Қазақстан халқына» қорының демеушілігімен келген. Кітаптардың барлығы да бүгінгі таңда жастардың сұранысына ие кітаптар.

Қазіргі уақытта Пугачев ауылдық және №4 қалалық кітапханаларында 5 кітапханашыдан жұмыс жасайды. Ауданымызда 27 кітапхана бар. Оның 18-і ауылда, 9-ы қалада орналасқан.
Айдана Абдрахманова
Бөрлі ауданы