Бөрлі ауданы әкімдігіндегі «Ашық есік» күні Ақсай қаласының №7 ЖОББ мектептің 11-сынып оқушылары аудан әкімімен жүздесті. Жүздесу барысында Бөрлі ауданы әкімі Еркебұлан Ихсанов олардың алға қойған мақсат – жоспарларын, Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындығы мен таңдаған мамандықтары туралы сұрақ қойып, ұсыныс – тілектерін тыңдады.

Жүздесу барысында оқушылар өз ойлары мен көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Жалпы жас түлектер әкімдіктің күнделікті жұмыс барысымен танысып, аудан басшысымен еркін форматта сұхбаттасты.
Өзін Айдар Мырзаболатов деп таныстырған жас түлек болашақта «Батыстың бренд киімі» деп кәсіп ашқысы келетінін айта келіп, «маған мемлекет алғашқы көмек ретінде, кәсібіме көмектесе алады ма?» деп сұрақ қойды. Аудан басшысы жылы жүзбен: «Көмектеседі. Кәсіпкерлік бөлімі деген арнайы бөлім бар. Сен кәсіпкер болып қалыптасқанша, талай өзгерістер болуы мүмкін. Дегенмен қазіргі ережеге сәйкес айтып өтейін» деп кәсіп бастаудың алғышарттарын егжей-тегжей түсіндіріп берді. Ал Дильназ Базарова деген жас түлек мемлекеттік қызметке орналасу бойынша өзінің ойында жүрген сұрақтарын қойып жауап алды.
Жас түлектер әкімдік ғимаратын аралап, бөлім басшыларымен де танысып, өз сауалдарын қойды. Аудан әкімі аппаратының басшысы Ерік Төлепқалиев пен бөлім басшылары әр саланың ерекшеліктері мен жұмыс барысы туралы қызықты ақпараттар беріп, жастарға бағыт-бағдар көрсетті.

Кездесу соңында аудан әкімі жас түлектерге:
«Дендеріңізге саулық тілеймін, болашақта елдің тізгінін ұстайтын – сіздерсіздер. Ел мақтанышы болыңыздар, бастарыңа бармақтай бақ берсін !» – деп жылы лебізін білдірді.
Сәнім Меңдібай
Бөрлі ауданы