Бөрлі ауданында мектепке дейінгі ұйымдағы жас тәрбиешілер арасындағы үздіктерді анықтау мақсатында «Жас тәрбиеші – 2024» байқауы өтті. Тәрбиешілердің әлеуметтік статусын, кәсіби шеберліктерін жетілдіру және олардың инновациялық белсенділіктерін дамытуды мақсат еткен байқау аудандық кәсіподақ ұйымының қолдауымен 5 жылға дейінгі еңбек өтілі бар бөбекжай тәрбиешілері арасында ұйымдастырылды.
Жалпы байқау негізі екі кезеңнен тұрды. Алғашқы «Өзін-өзі таныстыру» кезеңінде қатысушылар түрлі тәсілмен өзі туралы ақпарат, қызметке келу жолымен бөлісті. Екінші кезең «Педагогикалық дебют» деп аталып, жас мамандардың өзінің әдістемелік тақырыбы бойынша іс-тәжірибесімен, шығармашылық идеясымен бөлісті.
Байқаудың қорытындысы бойынша Ақсай қаласының №4 «Айгөлек» бөбекжайы тәрбиешісі Сандуғаш Данова «Бас жүлде» иегері атанса, Ақсай қаласының №8 «Өркен» бөбекжайы педагогі Қымбат Қажиақпарова І орынды жеңіп алды. Жарыстың ІІ орын иегеріне Ақсай қаласының №2 бөбекжайы маманы Әсемгүл Кабиева лайық деп танылса, Ақсай қаласының №1 бөбекжайынан Мәриям Төрежанова мен «Жұлдыз» бөбекжайынан Айнагүл Магарова ІІІ орын иеленді. Сонымен қатар «Үздік ұйымдастырылған іс-әрекет» аталымы Асқай қаласының №3 «Гүлдер» бөбекжайы маманы Айдана Айдархановаға табысталса, Ақсай қаласының №5 «Ертегі» бөбекжайы атынан қатысқан Аружан Абдешоваға «Жаңашыл тәрбиеші» және Ақсай қаласының №9 «Наурыз» бөбекжайы маманы Гүлжауһар Өмірбековаға «Үздік таныстырылым» номинациясы табысталды.
Жарысқа қатысушы жас мамандарға арнайы сертификаттар табысталды. Сонымен қатар ұйымдастырушылар тарапынан байқауда жеңіске жеткен тәрбиешілер бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Аслан Нұразғали,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz