27.10.2021, 11:40
Оқылды: 60

Бөрлі ауылы - ғашықтарды табыстырған ауыл

Бөрлі ауылы ғашықтарды табыстырған ауыл десе де болады. Себебі бүгінгі жастар бетінің кейіпкерлері Орынбек пен Айна  «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы аталған ауылға келіп, кейін өзара отау құрып, болашаққа бірге қадам басқан жастар. Бөрлі ауылы Орынбек пен Айна үшін махаббат бекеті. Әуелі тұрақты жұмыс тапты. Сосын болашақ жарын кездестіріп, шаңырақ көтерді.

23

«Ауыл біз үшін махаббат бекеті»

Орынбек Ғабдікәрімов пен Айна Жарлығасова бүгінде Бөрлі колледжінде оқытушы болып жұмыс жасайды. Бірі электротехникалық пәндер оқытушысы болса, бірі мұнай-газ ісі бойынша дәріс береді.

Жақынырақ таныстыра кетсек, Орынбек Шыңғырлау ауданының тумасы болса, Айна Бәйтеректік. Екеуі де Жәңгір хан атындағы аграрлық-техникалық университетін бітірісімен, аталған бағдарламамен Бөрлі колледжіне маман ретінде шақырту алады.

«Біз екеуміз әріптеспіз. Сонда танысып, бір-бірімізбен жұп болдық. Тойымыз биыл өтті.  Мен негізінен осы колледждің түлегімін. Неге десеңіз мен Бөрлі колледжін аяқтап, ЖОО-да білімімді жалғастырдым»,- дейді Орынбек. Өмірде де, қызметте де  қос аққудай қол ұстасқан ғашықтар ауылдың ұнайтынын және ең керемет ұжымнан әріптестер тапқандарын айтып, дән риза.

Ауылда көп мүмкіндік...

«Өмірді жұп болып енді бастап жатқан біздер үшін, бағдарламаның да берері мол екендігін айта кетуіміз керек. Ауылдан қашатын көп замандастарымыз, ауылдың аяқтан нық тұрып кетуге көп көмегі бар екенін әлі де ұғына алмай жүр-ау... Ауылда да көп мүмкіндіктер бар. Кәсіп бастасаң да, мал өсіріп, бау-бақша ексең де қаржылық қорыңды жинауға болады. Жақын арада қалаға жиналамыз деген әзірге ойымыз да жоқ.

Алланың қалауымен көп балалы отбасы болсақ деген басты арманымыз да бар» -деді Айна жолдасының сөзін толықтырып.

Серігіміз-кітап пен спорт

Орынбек пен Айна жұптасып кітапхана мен спорт кешеніне баруды әдетке айналдырған. Бір сөзбен айтқанда олар бос уақыттарында кітап оқып, спорттен шұғылданады.

25

«Біз бос уақытымызда кітапханаға барыпғ кітап оқимыз, ұнаған кітапты  міндетті түрде сатып аламыз. Үйімізде шағын кітапханамыз бар» деген Айнаның сөзін Орынбек жалғап, «Сосын, келіншегім жұмыстан соң, қыз-келіншектердің тырнағын сәндеп, одан басқа тағы да тоқыма тоқумен айналысады. Демалысымызда ата-анама  бірге барып келіндік қызметін жасап тұрады» деп келіншегі Айнаның әрбір ісін сүйіспеншілікпен жеткізді.

Ауылда кездесіп, бір-біріне сыңар болған бақытты жұпқа біз де сүйсіне қарадық.

Сәнім Меңдібай

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале