19.12.2025, 18:00
Оқылды: 3

“Бөрлі білгірі” жеңімпаздары марапатталды

Осындай атаумен жақында ауданымызда интеллектуалдық-танымдық ойын өткен болатын. Жоба аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен және «Ғылыми зерттеулерді қолдау қорының» ұйымдастыруымен өтті. Оған ауданымыздың жалпы білім беретін орта мектептерінің жоғары сынып оқушылары қатысты. Аталған шара жасөспірімдердің білімге деген қызығушылығын арттырып, логикалық ойлау қабілетін дамыту, зияткерлік бәсекеге қабілеттілігін күшейту мақсатында оздырылды.

Бөрлі білгірі (2)

Сайысқа 9-10 сыныптың 48 оқушысы қатысып, 15 ойын өткізілген. Жарыстың ақтық сынына 6 оқушы шығып, білімдерін ортаға салып, кім мықтыны анықтады.

Жеңімпаздарды марапаттау №3 ЖОББМ-де өтті. Жарысқа қатысқан оқушыларды аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ақмарал Исмағұлова аудан әкімінің алғысхатымен және ақшалай сыйлықтармен марапаттады.

- Мемлекеттік тапсырыс аясында “Бөрлі білгірі” интеллектуалдық-танымдық ойыны үшінші жыл қатарынан үкіметтік емес ұйымдардың жүзеге асыруымен өткізіліп отыр. Жыл сайын қатысушылардың саны да артуда. Жалпы жоба білімге құштар балаларды қолдау мақсатында ұйымдастырылды. Бұл жоба ауданымыздың белсенді жастарының ұсынысымен, аудан әкімі Еркебұлан Нұретдинұлының қолдауымен бастау алып, үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Аталған жоба келесі жылғы жоспарда да бар, - дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ақмарал Қуандыққызы.

Бөрлі білгірі (3)

Жарыстың қорытындысы бойынша І орын иеленген №6 мектеп-лицейдің оқушысы Адель Ұзақбаева аудан әкімінің алғысхатымен және 500 000 теңгелік сертификатпен марапатталды. Ал ІІ орынға ие болған №7 ЖОББМ-тің оқушысы  Руфина Бахтиярға 200 000 теңгелік, ІІІ орынға ие болған №6 мектеп-лицейдің оқушысы Айнара Мұғайдаға 150 000 теңгелік сертификат табысталды.

Сонымен қатар алты үздіктің қатарына еніп, ақтық сында жақсы ойын көрсеткен Нұрай Қуанәлі (№6 МЛ), Нұрай Серікқали (№5 ЖОББМ) және Қарақат Бердалиевалар (№6 МЛ) да алғысхатпен және 50 000 теңгелік сертификатпен марапатталды.

“Бөрлі білгірінің” жеңімпазы облыстық деңгейде өткен “Батыс білгірі” атты ойынға қатысып, өз бағын сынады. “Батыс білгірі” облысымызда биыл бірінші рет ұйымдастырылды. “Батыс білгіріне” Орал қаласының мектеп оқушылары және әр ауданның жеңімпаздары  қатысқан. Аталған сайыста ауданымыздың атынан шыққан Адель Ұзақбаева ІІ орынға ие болып, 400 000 теңгелік сертификатпен марапатталған.

Бөрлі білгірі (1)

- Биыл мен бұл байқауға бірінші рет қатысып тұрмын. Былтыр қатысуға мүмкіндік болмады. Ал биыл бағымды сынап көруге шешім қабылдадым. Жалпы ойын өте қызықты және тартысты өтті. Ойын барысындағы сұрақтар мектептегі оқытылатын барлық пәндерді қамтыған, бұдан бөлек өлкетану, аудан, облыс тарихы бойынша көптеген сұрақтар қойылды. Сұрақтарға дұрыс жауап бере алу үшін бәріміз де көп ізденіп, еңбектендік. Жалпы бұл байқау оқушылардың білімдерін шыңдауға, өздерін көрсетуге берілетін үлкен мүмкіндік. Әсіресе Қазақстан тарихы, қазақ әдебиеті және жаратылыстану пәндері бойынша сұрақтар өте көп келді. Барлық ойынға қатысқан оқушылар өте мықты болды. Осы ойынның ұйымдастырушыларына алғысымды білдіремін. І орынға ие болғаннан кейін, облыс бойынша өткен “Батыс білгірі” атты ойынға қатыстым. Ойын барысында көптеген достар таптым. Облыстық деңгейдегі жарыс болғандықтан қобалжу да болды. Дегенмен барымды салып, қарсыластарымнан қалыспауға тырыстым, - дейді жеңімпазымыз Адель.

 

Айдана Абдрахманова

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале