Бұған дейін де сауапты істің талайын жасап жүрген Бөрлі аудандық мешіті ұжымы қайырымдылық шарасын жандандыра түсті. Бұл жолы “Берекелі жамағат” еріктілер тобымен бірлесіп, 30 отбасыға азық-түлік таратты.
Аудан орталығында тұратын әлеуметтік жағдайы төмен және аз қамтылған отбасыларға күнделікті тұтынатын аса қажетті азық-түлік түрлерін ұсынды.
«Өзін ғана ойлаған – жамандықтың белгісі, өзгені де ойлаған –адамдықтың белгісі» деп халқымыз айтпақшы, қазіргі карантин уақытында үйде қамалып, оның үстіне тұрмыс түйткілімен бетпе-бет келген отбасыларға кішкене де болса көмек болсын деген мақсатта қолұшын создық. Жалпы, біз, аудандық мешіт ұжымы садақа, зекет беру жүйесін оңтайландыру мақсатында қордың мобильді қосымшасын іске қостық. «Берекелі жамағат» деген атпен WhatsApp желісінде топ ашып, садақа беремін, қайырымдылық жасаймын деген жандар топқа тіркеліп, арнайы ашылған есепшотқа шама-шарқынша садақа салады. Сол жерде жиналған қаражаттардың арқасында мұқтаж жандарға көмек беріледі.. Ол жерде «біздің іс-шаралар», «онлайн садақа жасау», «мұқтаж жандар базасы» сынды қажетті кеңестер, ақпараттар мен мәліметтер жіберіліп тұрады.
Құран Кәрімде Алла Тағала: «(Ей, Мұхаммед!) Оларды тура жолға салуға сен жауапты емессің. Алла қалаған пендесін өзі тура жолға салады. Қайыр-садақа ретінде не берсеңдер де өздерің үшін (жақсы болады). Не берсеңдер де, тек Алланың разылығы үшін берулерің керек. Ізгілік жолында не жұмсасаңдар да соның бәрі өздеріңе толық қайтарылады және сендер әділетсіздікке ұшырамайсыңдар (яғни, сауаптарыңды толық аласыңдар)», - деген. Сол үшін де қайырымдылық жасауға асыққан жөн»,- дейді аудандық мешіттің бас имамы Қанат Жәкенов.
Сәнім Меңдібай
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz