Ақсай қаласының 55 жылдық мерейтойына орай, Бөрлі аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы және "Ақсай" спорт кешені аудан жастарымен велошеру ұйымдастырды.
Велошеруге Ақсай қаласының әкімі Арсен Баяндыков, қала мектептерінің мұғалімдері мен мектеп оқушылары, аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушылары мен тәрбиеленушілері және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың мамандары, барлығы 55 велосипедші қатысты.
Бүгінде ауданымызда бұқаралық спортты дамыту үшін барлық жағдай жасалып отыр. Мектепке енді келген баладан, қарттарымызға дейін спортпен шұғылданады десек, артық айтқандық емес. Велошеруге келгендер алдында сөз алған қала әкімі Арсен Баяндықов, қаламыздың мерейтойымен құттықтап, қатысушыларға алғысын айтты.
Бүгінгі таңда салауатты өмір салтын насихаттап, халықты спортқа тарту бағытында жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Рухы мен денсаулығы мықты ұлт қалыптастыру үшін осындай игі шаралар керек. Сергектікті жанына серік еткен баршаңызға алғыс айта отырып, туған қаламыз көркейе берсін дегім келеді, – деді Арсен Толқынұлы.
Велошерушілерді бастап жүргендердің қатарында қала әкімі Арсен Баяндыков пен аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Толқын Хадышова болды.
Шараның жоғары деңгейде өтуіне аудандық білім беру бөлімі, аудандық балалар мен жасөспірімдер мектебі және аудандық полиция бөлімі атсалысты.
Айым Нұрғалиева,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz