Жаңақала ауданында облыс аумағындағы «Жастар ресурстық орталықтары» арасындағы әріптестік байланысты нығайту мақсатында достық спартакиадасы өтті. Ақпан айының аяғында өткен спорттық шарада Бөрлі ауданының құрамасы топ жарып, чемпион атағын жеңіп алды.
Барлығы 8 ауданның «Жастар ресурстық орталығы» мамандарынан құралған команда арасында Бөрлі ауданының мамандары жалпы есепте 48 ұпай жинап, І орынды қанжығаға байлап қайтты. Соның ішінде шағын футболдан І орын иеленсе, асық ату сайысында бөрлілік Шыңғысхан Бимаханов жүлделі ІІ орын иегері атанды. Үстел теннисінен сынға түскен Қанат Жакенов күміс медаль иеленсе, ерлер арасында садақ атудан Рамазан Қонысов төртінші орынға тұрақтады. Ал сайыс қорытындысы ретінде командалық арқан тартуда Бөрлі ауданының жастар ресурстық орталығы қызметкерлері бесінші орынға лайық деп танылды.
Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі І орынды Бөрлі ауданының жастары иеленсе, шыңғырлаулықтар күмістен медаль тақты. Сонымен қатар Сырым ауданының жастары үздік үштікті қорытындылады.
- Жаңақала ауданының Жастар ресурстық орталығына алғысымызды білдіріп, жеңімпаз атанған әріптестерімізді шын жүректен құттықтаймыз! Ауданымыздың спортын бірге дамытайық! − деп жазды Бөрлі аудандық «Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Толқын Хадышова.
Аслан Нұразғали,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz