Бөрлі ауданы әкімдігінде адам папилломасы вирусы ауруына қарсы вакцинация жөнінде штаб құрылды.
Сурет: freepik.com
Оған себеп 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап Қазақстанда 11 жасар қыз балаларға арналған адам папилломасы вирусы ауруына қарсы вакцинация жүргізілуі.
Штабтың алғашқы отырысында аудандық аурухана директорының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасарының м.а. Индира Есентурлиева адам папилломасы вирусы деген бұл терінің және дененің әртүрлі шырышты қабаттарын зақымдайтын вирустар тобы екенін айтты.
Ол тұрмыстық жанасу немесе жыныстық жолдармен де жұғуы мүмкін екен. Бұл ауруға қарсы екпені бүгінгі таңда Қазақстанда 83 мыңнан астам аталған жастағы қыз бала алғанын мәлім етті. Бұл вирустың әсіресе, рак ауруларына ұласу мүмкіндігі зор.
«Адам папилломасы өте қауіпті» - деді Индира Карловна – себебі ол ұзақ уақыт бойы ешқандай клиникалық көріністерін көрсетпестен адам организмінде өмір сүруге қабілетті. Сонымен қатар әйел адамдар арасында жатыр мойынының обыры ауруына алып келуі мүмкін. Ал аталған вакцинация арқылы жатыр мойыны обыры ауруының алдын алуға болады».
Баспасөз бетіндегі мәліметтер бойынша, бұл екпенің пайдаланып келе жатқанына 15 жылдан асыпты. Дүниежүзі бойынша 135 елдің денсаулық сақтау бағдарламасына енгізілген екен. Ол елдердің құрамында Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан мемлекеттері де бар.
Аудан әкімінің орынбасары Алтай Тоқжанов төрағалық еткен адам папилломасы вирусы ауруына қарсы вакцинация жөніндегі аудандық штаб мүшелері осы екпені насихаттау жұмыстарын кеңесіп, пікір алмасты.
Екпе жұмысы оқушы қыз баланың ата-аналарының немесе олардың заңды өкілдерінің келісімімен жүргізілетін болады.
Дариға Нұрашова
Бөрлі ауданы