11.07.2024, 12:15
Оқылды: 192

Бөрліде әскери ұрыс-қақтығыс қимылдарының ардагерлері бас қосты

Қазақ ұлты өз тарихында көптеген қиындықты бастан кешті, аяусыз шабуылға ұшырады, талай азапты көрді. Соның ішінде кеңес дәуіріндегі зардабы ауыр ұрыс-қақтығыс қимылдарына байланысты оқиғалардың отандық тарихта алар орны бөлек.

91430100-590E-46D4-9527-232750D8FC2C

Талайдың тағдырын тәлкекке салған локальді, ұлтаралық қақтығыстар негізінде болған ұрыс, соғыс кесірінен қаншама қазақ сарбаздары қыршыннан қиылып, қаншасы мүгедек болып оралды. Олардың міндеті – Отан алдындағы борышын өтеу, қабылдаған антына берік болу еді. Қаншама қазақ отбасына қасірет әкелген айдаладағы Ауғанстан, Таулы Қарабақ, Армения соғысы біз үшін осылай аяқталған болатын. Соғыстың аты – соғыс, ол адамзатқа тек қасірет алып келетінімен белгілі.

Тарих бетіне өзінің қанды ізін қалдырған осы соғыстар талай ерлердің тағдырын оққа байлады. Жат жерде соғысқан жауынгерлердің барлығы кебенек киіп аттанғанымен, мырыш табытпен елге оралғаны да аз емес.

Күш-жігері мен әл-қуаты мол, интернационализм идеяларын бойына сіңірген, Отан алдындағы борышын адал атқарған және өз болашағына имандай сенген жас ұрпақ осынау үлкен саяси ойынның құрбандығына шалынды. Мыңдаған жас азамат жат елде жан тапсырып, мыңдаған қандастарымыз ұрыс даласынан жарақатпен оралды. Оқ пен оттың ортасынан аман-есен оралғандар үшін бұл оқиғалар мәңгі естелік болып қалмақ.

353BA358-20BC-4967-A1C9-A4CEF68AEC86

Жуырда Орал қаласында ұрыс-қақтығыс қимылдарына қатысқан ардагерлердің басқосуы өтті. Оған ұйытқы болған Батыс Қазақстан облысының Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан жауынгерлік іс-қимыл ардагерлерінің қоғамдық бірлестігі тарапынан бірқатар жауынгерлерге «Қазақстан ардагері» медалі тапсырылды. Қоғам төрағасы Әсет Сәбитұлы Жұмағалиевтің сөзінше, бүгінде ұйымның құрамына 300-ден астам Таулы Қарабақ ардагері тіркелген. Оларды іздеу, рәсімдеу шаралары жүйелі жүргізіліп келеді. КСРО ыдырағалы жан-жақта жүрген жауынгерлер туралы ақпарат қорын жинақтауда жергілікті әскери комиссариаттар қолдау көрсетеді. БҚО бойынша қоғамдық бірлестігіміз 2021 жылдан бастап жұмыс істеп келеді, облыс бойынша 300-ден аса адам тіркелді. Қоғамның пайда болып, өз жұмысын қарқынды жүргізе бастағанына аз уақыт болса да, осы мерзім ішінде талай игі істер атқарылған: ардагерлердің отбасыларына көмек көрсету, қоғамдық шараларға қатысу, жастардың бойындағы отансүйгіштікті тәрбиелеу, жетілдіруге бағытталған шараларды ұйымдастыру.

Күні кеше елді дүр сілкіндірген табиғи апат – су тасқыны кезінде де ардагерлер қоғамы зардап шеккендерге қолұшын созып, еңбек жасақтарына қосылды. Түрлі аудандардағы ұрыстарға қатысқан ардагерлерді марапаттауға ел үкіметі тарапынан келесі төсбелгілер бекітілді.

Олар: «Закавказьедегі ұрыс қимылдарына қатысушы, 1988-1992 ж.ж» төсбелгісі, «Армян-Әзірбайжан қақтығысы» төсбелгісі, «Қазақстан ардагері» төсбелгісі.

11B70DBA-2F02-478C-AE21-310E376889EC

Атаулы шараға қатысқан қоғамдық бірлестіктің Бөрлі аудандық филиалының төрағасы Нұрлан Жасқадырұлы Ермұханов бөлімшенің жұмысы 2022 жылдың наурызында басталғанын, қазіргі таңда  ауданда 29 қарулас ұрыс қимылдарының ардагері мәртебесіне қол жеткізіп, арнайы тағайындалған әлеуметтік жәрдемақысын алып отырғанын айтты. Ардагерлер күніне орай медальге ұсынылған он бөрлілік қатарында ішкі әскерлерде 1989-1991 жылдары борышын өтеген, сол жылдары Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан қатардағы жауынгер Арыстанбек Қуатовқа «Қазақстан ардагері» төсбелгісі тапсырылды.

Отандық күнтізбеде бұл атаулы күн әлі де өзінің тиісті орнын алмаған, десе де, кезінде әскери борыштарын абыроймен атқарған кешегі Кеңес әскерлерінің жауынгерлері, ал бүгінде – егеменді елдің  ардагер сарбаздары осындай күннің ресми аталып өтілетініне сенеді.

Соғыстың үлкен-кішісі жоқ. Қай-қайсысы да басын оққа байлады. Мемлекеттің бұйрығын орындаған, Отан алдындағы борышын өтеген ардагерлердің жазығы жоқ. Соғыстың әділетті, әділетсіз болғанына емес, соғысқа мемлекеттік тұрғыдан, оның болашағы, патриоттығы тұрғысынан саяси баға берілуі керек. Сол кездегі қатардағы жауынгерлерге соғыстың себептері мен салдары жөнінде ешқандай да түсініктеме берілген жоқ. Тек тапсырма мен бұйрық қана бар.

Ерлік жасаған ардагерлерді еске алу және жастарды отан қорғауға шақыру, азаматтарға құрмет көрсету – біздің қасиетті парызымыз.

Айжарық Нұр

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале