23.08.2024, 16:45
Оқылды: 273

Бөрліде ауыл шаруашылығы қалай дамып жатыр?

Бөрлі ауданында ауыл шаруашылығы өркендеп келеді. Жыл сайын мал басы көбейіп, өндірілген өнім көлемі ұлғайып жатыр. Мемлекет көмегімен мал шаруашылығымен айналысып, ата кәсіпті жандандырып жатқан шаруалар да баршылық. Аудан фермерлерінің еңбегі мен мемлекеттің қолдауының нәтижесінде ірі қара мен жылқы саны артып келеді. Мал басының сапалық құрамыда жақсарып отыр. Жалпы аудандағы ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстар мен мәселелер жөнінде сала басшысы Алтынбек Бексеитовтан сұрап білдік.

ADB5176B-7871-4AB3-BD8A-C509CF20FA27

Алтынбек Климұлы, енді бір-екі аптадан кейін күз де келеді. Жаз бойы шаруалар егістік алқабында еңбек етті. Нәтиже қандай? Шаруалардың көңіл күйі жақсы ма? Жалпы, жасалып жатқан жұмыстарға тоқталып өтсеңіз.

– Өздеріңіз білесіздер биыл мамыр айы суық болды. Кей күндері 7-8 градусқа дейін аязды күндер де болған еді. Әрине, қорқыныш болды. Дегенмен ақ қардың басы қайта сала шаруалар техникаларын майлап, соқа-сайманын сайлап егін егуге кірісіп кеткен еді. Жаз біздің қуанышымызға орай жаңбырлы болды. Қазір нәтижесін көріп жатырмыз. Ырыздығын жерден тапқан шаруалар биыл 63 807 га жерге дән сепкен еді. Соның ішінде – 17 581 га жерге дәнді дақылдар себілді. Негізгі жоспарымызда 16 710 га болатын, яғни 5 пайызға артық орындадық. Ал майлы дақылдар – 7 495 га жерге себілді. Мал азықтық дақылдар 6 264 га. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда едәуір көп мөлшер. Былтыр мысалы 32 226 га жерге көпжылдық шөптер егілген еді. Бұл жұмыстардың жүйелі жүргізілуіне мемлекетте қолдау білдіріп отыр. Күзгі далалық жұмыстарға 367 тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлініп, бүгінгі күнге 56,4 тоннаға келісімшартқа отырып, 4,1 тонна алынды. Оператор болып «Нефтек» ЖШС-і анықталды, дизель отынының бір литр құны – 250 теңге. Бүгінгі күнге аудан шаруашылықтарымен – 36,3 тонна дизель отыны алынды.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс» деген еді. Бұл бағытта қандай жұмыс жасалып жатыр?

296CF173-00AD-493A-8394-8E23385561B6

– Жалпы ауданымызда 280 шаруа қожалығы, 22 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және 27 ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі тіркелінген. Жыл басынан бастап бүгінгі күнге аудан бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2 млрдт400 млн теңгені құрады. Ол аз көрсеткіш емес. Бірақ бұл өндірілген өнімнің ішіне өсімдік шаруашылығы кірмейді. Өйткені аталған өнім егін орудан кейін, яғни екінші жарты жылдықта қосылады. Ал мал шаруашылығында өндірілген өнімге келер болсақ, 2 млрд 33 млн 244 мың теңгені құрайды. Былтырғы жылдың осы кезеңмен салыстырсақ, 3 пайызға артық өнім өндіргенбіз. Қазір егін ору жұмыстары жүріп жатыр. Дегенмен жаңбыр жиі жауып, ауа райы шаруаларға қолайсыздық туғызып тұр. Жер кеуіп үлгермейді, тиісінше алқаптарға комбайн кіргізу қиындық тудыруда. Ауа райының болжамы бойынша алдағы аптада жауын азаймақ. Сонда толық жинап алумызға мүмкіндік болады. Бүгінгі таңда 21 пайыз жинадық. Ол дегеніңіз – 5 000 га күздік дақылдар. Оның ішінде күздік бидай, күздік қара бидай. Жаздық дақылдардан бидай, арпа жиналды. Биыл Пугачев, Жарсуат ауылдық округтеріндегі фермерлер жақсы өнім алып отыр.

Аудан тұрғындарының экологиялық өнімге сұранысы жоғары екенін білеміз. Бақша, көкөніспен қатар, азықтық дақылдардың өнімділігі қалай? Бақша баптап, жерден берекесін тапқан дихандардың қандай мәселесі бар?

– Ауданға маңызы бар картоптың 140 гектар өнімін егіп отырмыз. Бұл жерде айта кету керек, жеке секторларда картоп егу бұрынғыдан азайып кетті. Оған қоса көкөніс (88 га) пен бақша (13 га) отырғызуда азайып кетті. Ауыл шаруашылығы санағы жүргізілген кезде жеке қосалқы шаруашылықтардың бау-бақшаны аз егетіні белгілі болды. Оған себеп те жоқ емес. Өкінішке орай, биылғы су тасқынының болуы, көктемдегі қарғын судың толық кетіп болмауы кері әсерін тигізбей қоймады. Аулаларда техникалық судың тапшылығыда жеке қосалқы шаруалардың ауласында бау-бақша егу жұмыстарының төмендеп кетуіне сеп болып отыр. Бірақ біз бұл мәселені шешкіміз келеді. Ол үшін келесі жылдары ұжымдық бақшаларды ұйымдастырып, бау-бақша егу жұмыстарын қалпына келтіру жоспарланған шаруа.

Жаздың бір күні – қысқа азық екені белгілі. Жуырда облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте алдағы мал қыстағына дайындық мәселелері қаралған болатын. Қысқы мерзімге жем мен шөптің дайындығы мен қыстақтардың қысқа дайындығы қалай?

D8932368-A111-4B0B-BEDD-FB4E09AD0A72

– Жоғарыда айтып өткендей, көктеміміз салқын болып, мал азығын жинағанда қырлы шөптің және еркек шөптің шығымдылығы нашарлау болды. Алайда биыл көлдерге көп су жиналды. Сол оң әсерін тигізіп, көлдік шөп мол өнім берді. Жалпы қиындықтар болғанымен өзімізді өзіміз толық қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз бар. Жалпы біздің ауданға қажетті шөп 77,5 мың тоннаға жоспарланып, бүгінгі күнге дайындалғаны 49 мың тонна немесе орындалуы 67 пайызды құрап отыр. Қыркүйек айының басына дейін өзімізге қажетті мөлшерде жинап аламыз деп көздеп отырмыз. Шөп бар. Бүгінгі таңда алты мың орама шөп ауданымыздың сыртына сатуға дайындап отырмыз. Себебі, ауа-райына, киіктің көптігіне және қуаншылыққа байланысты Бөкей орда және Жәнібек аудандарында мал азығы бойынша табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Ауыл шаруашылығы басқармасы және тікелей әріптестеріміздің өтініштерімен осы алты мың орама шөпті саттыққа шығаруға дайынбыз. Бір орама шөптің нарықтық бағасы 6-7 мың болса, біз сол аудандарға 5 мың теңгеден ұсынып жатырмыз.

Аудан бойынша мал азығын дайындау жұмыстарына 80 тонна арзандатылған жанар-жағар май бөлініп отыр, соның ішінде маусым айына 21,2 тонна, шілде айына 52,8 тонна, тамыз айына 3,5 тонна. Оператор болып «Нефтэк» ЖШС анықталды, бағасы шілде айына 1 литр 241 теңге, тамыз айына 1 литрі 244 теңге,қыркүйек айына бағасы 1 литрі 247 теңгені құрайды. Ал қыстаққа келер болсақ, ауданымызда 51 қыстақ бар. Тексеру жұмыстарымен шығамыз. Байланыс, дизель отынның қоры, ауыл шаруашылығы техникасы, қар аршуға дайындығы, қыстақтардағы жеткілікті мөлшерде мал азығын жемдік азығы болуын, сумен қамтамасыз етілуін қарап шығамыз. Әзірге бұған дейін бізде қиындық кездескен емес.

32312719-AEEE-4C4E-96DA-00CD7DE51A34

Мемлекеттік бағдарламалар саланың дамуына әсер етіп жатыр деп айта аласыз ба?

– Әрине, айта аламын. Бір ғана «Ауыл аманаты» бағдарламасы біраз бөрліліктердің жаңа кәсіп бастауына себеп болды. Бағдарлама бойынша несиелеу жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінгі күнге 470 млн теңге игеруге тиіс едік. Оның 295 млн теңгесіне жобаларымыз дайын. Үкіметтен қаржыландыру болса, осы жұмыстарды жалғастырамыз. Жобалардың барлығыда өзімізге қажетті жобалар. Оның ішінде сүт өндеуге ден қойып отырған жобалар бар. Біздің ауданға 470 млн теңге бөлініп отыр ғой. Бұл қаражаттың барлығына мал шаруашылығын дамытуға рұқсат етілсе, оны бүгін игеруге мүмкіншілігіміз бар. Бағдарламаға қатысып жатқандардың барлығы мал алып өсіргісі келеді. Бірақ мал шаруашылығы бір деңгейге жетіп отыр. Дамыған сала, малдың саныда жеткілікті. Бүгінде ірі қара мал – 26 224 бас, соның ішінде  сиыр 12 497 бас,  ұсақ мал – 35 811 бас, жылқы – 9 916  бас, құс – 32 мың басты құрайды. Сондықтан мемлектеттің де ден қойып отырғаны бизнестің өзге бағыттарын дамыту. Әсіресе, өндіріс саласы дамуы керек. Дайын өнім шығаратын жобалар болса, қызмет көрсету сияқты тың жобалар болса қолдауға дайынбыз.

BE999571-556B-4CA2-BC0D-70D0B4DA6AFD

Ауыл шаруашылығының, өнім өндірісінің дамуына қандай бағдарламалар арқылы қаржылай қолдау көрсетіледі?

– Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субьектісі шыққан шығындардың бір бөлігін өтеу бойынша ауыл шаруашылығы құрылымдарымен алынған субсидия көлемі – 192,3 млн теңге, мал шаруашылығын субсидиялау бойынша алынған субсидия көлемі – 33,4 млн. теңге (14 ауылшаруашылық құрылым). Осындай мемлекеттік қолдау шаралары арқылы 32 техника және ауылшаруашылық жабдығы алынды. Оның ішінде 12 трактор, қалғандары шөп орағыш, тырманың жаңа түрлері. Мәселен, «Урал» ЖШС алдыңғы тиегіштер алды. 24 метрлік заманауи жер өңдейтін орындар алды. Шаруалар бұрынғы кезде бағасына қарай қол жете алмайтын болса, мемлекеттік қолдау шараларын пайдаланып, осындай жабдықтарды сатып алуға мүмкіндік туды. Тиісінше алынған техника не жабдықтың 25 пайызын мемлекет төлеп береді. Қалай десек те, бүгінде аталған сала біртіндеп дамып келе жатыр. Бұдан бес жылғы нәтижемен қазіргі күнді салыстыруға келмейді. Әсіресе мал шаруашылығында ілгерлеу бар. Әрине, қиындықтар да, мәселелер де жоқ емес. Оның барлығы аудан әкімдігімен, жауапты сала мамандарымен, ең бастысы өңір шаруаларымен ақылдаса отыра шешімін тауып жатыр.

Әңгімеңізге рахмет!

Айым Нұрғалиева

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале