2.07.2024, 11:17
Оқылды: 130

Бөрліде «Әжем салған әндер-ай» байқауы өтті

Бөрлі ауданының Пугачев ауылдық мәдениет үйінде «Әжем салған әндер-ай» атты аудандық байқау өтті.

399F2024-11A3-4E24-80CF-A279F2BA1CE6

Байқау мемлекеттік жаңғыру бағдарламасының «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында ұлттық салт-дәстүрді насихаттау бағытында ұйымдастырылған.

Басты мақсат – қазақтың халық әндерін насихаттау, мәдени құндылықтарымызды сақтау және келешек ұрпаққа жеткізу.

Сонымен қатар халыққа әжелер шығармашылығын паш ету болды. Жарысқа Бөрлі аудандық демалу орталығына қарасты ауылдық мәдениет үйлерінің әжелер ансамбльдері қатысты.

Олар: Пугачев ауылдық мәдениет үйінің жанынан құрылған «Асыл әжелер» ансамблі, аудандық демалу орталығына қарасты Қызылтал «Шежіре» ардагерлер клубы, Ақбұлақ АМҮ жанынан құрылған  «Ақ әжелер»  ансамблі, Қанай АМҮ жанынан құрылған «Көркем» әжелер клубы және Бумакөл АМҮ жанынан құрылған «Саулем-ай» әжелер ансамблі.

Жарысты бағалайтын әділқазылардың құрамында «Қазақ мәдениетінің қайраткері» төсбелгісі иегері, дәстүрлі әнші, қазылар алқасының төрайымы Жаңыл Чугирова, Пугачев ауылдық мектеп-бөбекжай, балабақша кешенінің директоры Құндыз Абдрахманова, аудандық демалу орталығы халықтық «Ақ жаулықты әжелер» ансамблінің жетекшісі Нүрия Сейтжанова және ансамбльдің белді мүшелері Бақыт Ахметова мен Рысты Бектасова болды.

Шара басында Пугачев ауылдық округінің әкімі Мереке Ізтелеуов сөз сөйлеп, жарысқа қатысушы әжелерге сәттілік тіледі. Жарыс екі кезеңнен тұрды. Бірі – халық арасында ұмыт қалған салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты көрсете отырып қара өлең орындау болса, келесі кезеңі – халық әнін орындау.

Қорытындысында Пугачев ауылының «Асыл әжелер» ансамблі бас жүлдеге ие болды.

Ал қызылталдық «Шежіре» клубы І орын, бумакөлдік «Сәулем-ай» ІІ орын, ақбұлақтық «Ақ әжелер» ІІІ орын, ал қанайлық «Көркем» әжелер алғысхатпен марапатталды.

Айдана Абдрахманова

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале