15.08.2023, 17:00
Оқылды: 79

Бөрліде білім саласының мамандары жетіспейді

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтердің мәртебесін көтере отырып, оларға зор жауапкершілік жүктеді. Осыдан үш жыл бұрын қабылданған «Педагог мәртебесі турал» Заң педагогтер үшін қолайлы жағдай жасау және олардың кәсіптік өсуін ынталандыру бойынша жүйелі шаралар кешенін іске асыруға мүмкіндік берді.

Дегенмен бұл аталған салада мәселе жоқ деген сөз емес. Бөрлі ауданында білім саласы мамандарының жетіспеушілігі мәселесі әлі күн тәртібінде тұр.

Өткен оқу жылында білім беру ұйымдарында 177 педагог кадрдың жетіспеушілігі туындаған болатын. Оның ішінде 25 бірлік мектепке дейінгі бөбекжайларға тәрбиешілер болса, 40 бірлік қосымша білім беру ұйымдарына, ал 112 мұғалім жалпы білім беретін орта мектептерге жетпеген екен. Ал жаңа оқу жылында мектептердегі 76 орын бос тұр. Әсіресе орыс тілі мен әдебиет пәні мұғалімі және бастауыш сыныптардың орыс сыныптарында сабақ беретін мұғалімдер қажет-ақ.

Оған қоса математика, химия, физика, тарих, көркем еңбек, АӘД пәнінің мұғалімдерін табу қиын. Сұраныс психологтар мен кітапханашыларға да бар.

Кеңірек тоқталсақ, орыс тілін оқытуда 14 бастауыш сыныпқа сабақ беретін мұғалім керек. Жылда қайталанатын бұл мәселенің шешімі табылмай отыр. Өйткені бүгінде жоғары оқу орындарда орыс тілді сыныптарға сабақ беретін түлектердің шығуы сиреп кеткен. Болған күнде де олар облыс орталығынан ауыспайды. Бастауыш сыныптағы кадр тапшылығынан бүгінде мектеп ұстаздары екі аусымда, яғни түске дейін бір бастауыш сыныпқа, түстен кейін екінші бастауыш сыныпқа білім беріп жүр. Оқу сапасына әсерін тигізе қоймағанымен, педагогтердің қосымша жұмыстармен, балалардың шығармашылығымен айналысуына кедергі келтіреді дейді мамандар. Маман тапшылығы ақсайлық ата-аналарды көп алаңдата қоймайтын сыңайлы. Бір ғана қалалық №4 мектепте биыл бірінші сыныпқа қабылданған оқушылар 6 сыныпқа бөлінсе, соның екеуі ғана қазақ сыныптары екен. Қалған 4 сыныптың оқушалары ресми тілде білім алады деген сөз. Жалпы ауданда 16 аралас мектеп болса, ондағы 3206 бала қазақ, ал 4527 бала орыс тілінде білім алады. Тек қазақ тілінде 1438 оқушыға білім беретін Қарасу (Жаңаталап), Успен, Қарақұдық, Бөрлі №1 және Ақсай қалалық №7 мектебі болса, 352 оқушыға білім беріп отырған Бөрлі және Облавка мектеп оқушылары ресми тілде білім алады. Осыған орай орыс тілді оқытуда орыс тілі мен әдебиеті пәніне 12 мұғалім жетпей отыр.

WhatsApp Image 2023-08-04 at 15.45.24

Ауданға 13 математика, 7 тарих, 54 химия, 6 физика пәнінің мұғалімі керек.

Аудандық білім бөлімінің кардр бойынша маманы Әлия Байниязованың айтуынша, кадр тапшылығының тағы бір себебі, ол жоғарғы оқу орнын бітірген жас мамадардың педогог мәртебесін ала алмауында екен.

- Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 19 қарашадағы № 568 және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2021 жылғы 22 қарашадағы № 432 бірлескен бұйрығына сәйкес, қазір педагог мамандарды жұмысқа қабылдау ережесі өзгерді. Біз бұрынғыдай енді жоғары оқу орнын аяқтап жатқан жас түлектерді ауданға шақыра алмаймыз. Жоғарыда айтылған бұйрыққа сәйкес оқу орнын тәмамдап, қолына дипломын алған жас түлек арнайы тест тапсырып, педагог мәртебесін алуы керек. Біздің көптеген түлек осы жерде сүрініп жатады. Қазір аудандық білім бөліміне түйіндемесін алып ешкім келмейді. Педагог мамандығын алған жас маман бос орын жарияланғанын мектептердің сайтында немесе әлеуметтік желі арқылы біліп, өзі сол мектепке барып сауалнама толтырып, мектеп директорының бұйрығымен бекітілген комиссияға барлық құжатын тапсырады. Содан соң әрі қарай баллдық жүйемен байқау қорытындысынан өткен маман ғана мектепке қабылданады, - деп түсіндіріп берді.

Сала маманының сөзінше, жаңа оқу жылына дейін мектептердегі кадр тапшылығы мәселесі шешімін табады.

- Мұғалім жетіспегендіктен мектеп басшылары зейнеткерлермен келісімшартты жылдан жылға созуға мәжбүр. Әзірше бұл мәселені осылай шешіп отырмыз. Бір ғана мысал, Ақсайдағы №8 мектепте 85 жастағы математик, ардагер-ұстазымыз сабақ береді. Ол ұстаз кейбір жаңа технологияларды білмеуі мүмкін, бірақ сабақ берудегі әдіс-тәсілдері оқушылар мен олардың ата-анасына ұнайды, - деп атап өтті Әлия Ғалымқызы.

Ал қала мектептерінде пән мұғалімдері қоса атқарушы педагогтермен толығады. Әсіресе жақын орналасқан мектептердегі жекелеген пән мұғалімдері кадр тапшылығы мәселесін жойып қана қоймай, мектептер арасында білім бәсекесін күшейтіп, білім додаларында бәсекелеске мықты оқушыларды дайындап шығарып жүр. Ауыл мектептеріндегі кадр мәселесін шешуге де көп жағдайда қала мектептерінің және қосымшы білім беру ұйымдарының педагогтерінің үлес салмағы зор. Әсіресе мектеп жанындағы үйірмелердің аудан орталығында еңбек ететін тәжірибелі маманмен толығуы нәтижелі екен.

Дегенмен мамандар әр мектеп өзінің штаттық кестесі бойынша жұмыс жасауы керек, кадр тапшылығы мәселесінің жойылуы керек деп есептейді. Мектептерге әсіресе ер мұғалімдер керек. Ауылға мұғалімдерді тарту үшін бірінші кезекте жас мамандардың әлеуметтік жағдайын жасап, тұрғын үй мәселесінің шешілуі де маңызды.

 2022 - 2023 оқу жылын қоса есептегенде аудан бойынша 47 мұғалім қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Педагогикалық оқу орнын бітірген 19 жас маманға жеңілдікпен үй алуға қаражат бөлінген. Оның 12-сі «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауыл мектептерінде жұмыс істейді. Жарсуат, Александров, Ақсу, Ақбұлақ, Бумакөл, Приурал мектеп-бөбекжай-балабақша кешеніне жолданған жас мамандар қызметтік жатақханамен қамтамасыз етілді. Қала мектептерінде жұмыс жасайтын мамандарға 10 шағынаудандағы жатақханадан 10 бөлме бөлініп, онда әр түрлі білім беру мекемелерінде жұмыс жасайтын 40 педагог орналастырылған. Бірақ бұл жатақханадан бөлінген орын саны мамандардың тұрғын үйге қажеттілігін өтей алмай отыр. Көптеген педагог үй жалдап тұруга мәжбүр.

Аудандық экономика және қаржы бөлімінің мамандары берген мәлімет бойынша «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 2009 жылдан бастап осы кезеңде тұрғын үй сатып алуға несие алғандар саны 334 болса, көтерме жәрдемақыны 641 адам алыпты. Оның ішінде білім беру саласында барлық кезеңде несие 252 маманға беріліп, көтерме жәрдемақыны 520 адам алған.

2023 жылға арналған жоспар бойынша тұрғын үй сатып алуға ниетті 30 адамға несие берілетін болса, көтерме жәрдемақымен 40 адам қамтылмақ. Демографиялық жағдайдың жақсаруы мен өзге өңірлерден ауданға қоныс аударғандар санының жыл сайын көбеюіне орай алдағы жылдары Ақсай қаласында жаңадан 13 ықшамауданда 900 орындық, 14 ықшамауданда 1200 орындық мектеп салу жоспарланып отыр.

Жалпы білім беру саласына 2020 жылы 32 жас маман келсе, 2021 жылы 34 маманмен толыққан. Ал 2022 жылы 22 жас маман еңбек жолын ауданның білім беру нысандарында бастапты. Биыл қанша маман ауданға келетіні белгісіз. Белгілісі, маман тапшылығы маңызды мәселеге айналып отыр.

 

Айым Нұрғалиева,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале