28.11.2024, 21:00
Оқылды: 7

Бөрліде «Дариға оқулары» өтті

Орталық аудандық кітапханада ақын Дариға Нұрашованың 60 жас мерейтойына арналған аудандық «Дариға оқулары» байқауы өтті. Аталған байқау орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен өтті. Шара барысында «Өлеңмен өрілген өмір» атты ақынға арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.

ddabfd34-1372-4db9-b0ff-e1bdb6e23c6c

Дариға Кеңесбайқызы оңтүстікте дүниеге келіп, Ақ Жайық еліне келін болып түскен өңірімізге танымал ақын. Ақын «Балауса», «Гүл сезім», «Ақ қайың» жыр жинақтарының авторы. Дариға Нұрашова тек ақын ғана емес, ұстаз, тілші, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ауданымыздағы «Ақындар мектебінің» негізін қалаушы, аудандық «Бөрлі жаршысы – Бурлинские вести» газетінің директор-редакторы.

Аудандық «Дариға оқулары» байқауы кітапханашылардың орындауындағы  «Көңілдің кейбір кездері» әдеби композициясымен ашылды. Байқау ақынның шығармаларын насихаттап, жастарды шабыттандыруға, ақындық қаілеті бар дарынды балаларды қолдап, дамыту мақсатында ұйымдастырылған шара. Қазіргі таңда ақынның көптеген өлеңдеріне ән жазылып, сахна төрінде шарқалып жүр. Шара барысында аудандық демалу орталығының өнерпаздары ақынның сөзіне жазылған, Жарқынбаек Шынтаевтың «Жетсе демім» әні орындалды. ІІ аудандық «Дариға оқулары» байқауы екі бағыт бойынша ұйымдастырылды. І бағыт «Өміріме арқау болған өлеңім», ал ІІ бағыт «Дариғаша жырлаймын» деп аталды. Бірінші кезеңде қатысушылар ақынның өлеңін жатқа айтса, екінші кезеңде ақынның өлеңінің бір шумағын алып, әрі қарай өзі жалғастырып өлең шығаруы тиіс.

«Дариға оқулары» байқауының әділқазы алқасының құрамында Ақсай қаласының №3 ЖОББМ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, «Алтын қалам» ақындар мектебінің мүшесі, әділқазылар алқасының төрайымы Айгүл Шұндыбаева, аудандық «Бөрлі жаршысы – Бурлинские вести» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Сәнім Меңдібай және ардагер кітапханашы Мариям Өтегенқызы болды. Мерекелік кеште Бөрлі ОКЖ-нің директоры Айгүл Тұрсынбекқызы мен кітапхана ардагері Мариям Өтегенқызы мерейтой иесін құттықтады.

4d8ae5ad-725d-402d-a134-2d57324ad9ec

Аталған байқауға аудан кітапханаларының 14 оқырманы қатысты. «Дариға оқулары» байқауының қорытындысы бойынша бас жүлдеге орталық аудандық кітапхана оқырманы Заманбек Оразгелдиев ие болды.

Ал І орынға №3 қалалық кітапхана оқырманы Аружан Татаханова, ІІ орынға Қызылтал кітапханасының оқырманы Әсел Ораз бен №2 қалалық кітапхана оқырманы Нарғыз Нығметолла, ІІІ орынға Қызылтал кітапханасының оқырманы Алтын Ғарифолла мен орталық аудандық кітапхана оқырманы Гүлназ Елеусіндер ие болды. Қалған қатысушылар алғысхаттармен марапатталды.

Аудандық байқау жеңімпаздары ақынның облыстық «Ақ қағаздағы арман жыр» атты шығармашылық кешіне қатысып, өз өнерлерін көрсететін болады.

Айдана Абдрахманова

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале