24.09.2024, 16:45
Оқылды: 148

Бөрліде интернет-алаяқтыққа қатысты 24 қылмыс тіркелген

076B03DE-A5D3-46F2-B7C3-835A2A87FE6B

«Цифрлық технологияның күнделікті өмірімізге жаппай енуі түрлі алаяқтардың көбеюіне әкеп соқтырып отыр. Оған бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан қазір қаржы және экономика негіздерін білу, қарапайым цифрлық дағдыларды меңгеру аса маңызды болып тұр. Осы ретте, «AMANAT» партиясы ұсынған «Қарызсыз қоғам» жобасын атап өткім келеді. Азаматтардың қаржылық сауатын арттыруға арналған осы жобаға былтыр 65 мың адам қатысты. Ал биыл одан да көп адам қатысады. Мектептерде, жоғары оқу орындарында қаржылық және цифрлық сауаттылық негіздерін үйрететін білім бағдарламасын енгізу қажет. Бұл жұмысты Үкімет қаржы саласын зерттеу органдарымен бірге атқаруы керек. Мұның бәрі азаматтарымыздың әртүрлі алаяқтардың құрығына түсіп қалмауына мүмкіндік береді. Құзырлы органдардың бәрі заңға бағынатын жұртқа зардабын тигізіп жатқан алаяқтыққа және сол сияқты басқа заңсыз әрекеттерге қарсы батыл шаралар қабылдауға тиіс» - деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм»! атты Қазақстан халқына Жолдауында.

Осы орайда біз Бөрлі аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, подполковник Ернар Есдәулетовпен сұхбаттасқан едік.

Ернар Манатұлы, Мемлекет басшысы атап өткендей, елде түрлі алаяқтықтың көбейгені рас. Сондықтан да аудандық полиция бөлімінің   интернет алаяқтықтың алдын алу, жолын кесу бағытындағы жұмыстары туралы мәліметтен хабардар етсеңіз?

– Аудандық полиция бөлімі интернет алаяқтықтың алдын алу, жолын кесу және ашу мақсатында «ҚР ІІМ-ның киберқылмысқа, оның ішінде телефон алаяқтығы және интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған» бағдарламасы негізінде жұмыс атқарып жатыр. Жасалып жатқан орасан зор жұмыстарға қарамастан аудан бойынша осы жылдың сегіз айында 24 интернет-алаяқтық қылмысы тіркеліп отыр. Өткен, 2023 жыл ішінде 35 интернет алаяқтық қылмысы тіркелген еді. Өкінішке орай, биылғы жылы осы саладағы қылмыстарда өсім байқалып отыр және ол өкінішті де. Біз алаяқтармен күресумен бірге одан сақ болу үшін түрлі профилактикалық жұмыс өткізіп, сақтық шараларын ұсынып жатырмыз.

– Дәл бүгінгі таңда азаматтар алаяқтықтың құрбаны болмау үшін ең тиімді жол қандай?

– Алаяқтардың құрбаны болмаудың тиімді және қолайлы жолы ретінде азаматтарға ЕGov mobile мобильді қосымшасында немесе eGov.kz порталында несие мен шағын несие алудан ерікті түрде бас тарту туралы өтініш беруді ұсынамыз. Несиелер мен шағын несиелерді рәсімдеуге тыйым салу алты айға белгіленеді және мерзімі өткеннен кейін автоматты түрде жойылады. Сондай-ақ бұл шектеулерді кез келген уақытта өтініш беру арқылы жоюға болады. Несие алудан ерікті түрде бас тарту қызметі eGov mobile мобильді қосымшасының басты бетіндегі Танымал қызметтер бөлімінде қолжетімді.

Аудан бойынша Egov порталы арқылы 2024 жылдың басынан бастап 3 700-ден астам тұлға несие алудан бас тартып, өз еркімен есепшоттарын бұғаттады. Бұл бағыттағы жұмыс полиция бөлімінің басшылығының бақылауына алынып, күнделікті тұрақты негізде жүргізіліп жатыр.

– Алаяқтықтың түрі көп шығар. Дегенмен дәл қазіргі таңда алаяқтықтың ең жиі кездесіп отырған және адамдар көп мөлшерде зиян көріп отырған түрі қандай? Нақты мысал болса?

– Мысал көп. Біреуін келтірейін. 2024 жылдың ақпан айында Бөрлі ауданының полиция бөліміне 70 жастағы зейнеттегі Ақсай тұрғыны шағыммен жүгінген. Ол алаяқтардың қулықтарына тап болғанын айтқан. Ер адамға алаяқтар WhatApp мессенжері арқылы қоңырау шалып, өзін Ұлттық банк қызметкерімен деп таныстырып, оның ақшасын депозиттерде сақтау сылтауымен 100 млн теңге аударуды сұраған. Зейнеткер алаяқтардың сеніп қалып, өз қолымен 100 млн теңге аударып жіберген. Аталған мәліметтің сыртында азғантай ақшаға бола деп қолын бір сілтегендер немесе алданып қалғанына намыстанып полицияға жүгінбегендер де болуы әбден мүмкін.

Байланыс құралдары арқылы жасалатын алаяқтықтың ең көп таралған түрі – ол банктік есепшоттағы ақшаны басқа есепшотқа аударту арқылы иемдену, бұл қылмыс схемасы қарапайым және келесідей: қылмыскерлер ұялы телефонмен қоңырау шалып, өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, есепшотындағы қаражатқа алаяқтық әрекет жасалып жатыр деп сендіреді. Соны тоқтату үшін, банк картасының деректемелерін, яғни нөмірін, пин-кодын және картаның келесі бетіндегі соңғы үш нөмірін хабарлауды ұсынады немесе осындай тәсілмен «Any desk» арнайы қосымшасын ұялы телефонға жүктетіп, рұқсат ала отырып, онлайн несие рәсімдеу арқылы, қаражатты өзге есепшотқа аудартып иемденеді. Алаяқтар бір, екі рет қоңырау шалғанда сақ болып отырып, келесіде алданып қалып жататындар көп. Бүгінде интернет желісімен жасалған алаяқтық қылмыстарын тергеу барысы айтарлықтай қиындықтар туғызып отыр. Сол себепті көптеген қылмыстар бойынша кінәлі тұлғалар анықталмай, олар қылмыстық жауапкершіліктен жалтарып кетіп жатыр.

– Сіздің ұсынысыңыз?

– Полиция бөлімі алаяқтықтың жолын кесуге бар күш-жігерін жұмсайды. Дегенмен, тұрғындардан да көмек керек. Алаяқтардың құрбаны болмас үшін келесі қарапайым ережелерді сақтау қажет:

- банктік картаңыз бойынша қандай да болсын проблемалық жағдай туралы мәлімдеген банк қызметкері қоңырау шалған жағдайда, әңгімені үзіп, картаңызда көрсетілген нөмір бойынша банкке қайта қоңырау шалыңыз. Өйткені банк қызметкерлері сіздің карта немесе есепшотыңыз туралы жеке мәліметті ешқашан сұрамайды.

- банк картасының деректемелерін және операцияны растау туралы арнайы кодты ешкімге айтпаңыз. Асықпаңыз, сұраңыз, банкке барыңыз. Әбден көз жеткізбей, ешқандай операция жасамаңыз;

- егер сіз мобильді банк қызметін пайдаланбайтын болсаңыз, ұялы телефонды жоғалтып алған немесе нөмірді ауыстырған кезде, шұғыл түрде қызметті өшіріңіз;

- интернет желісі арқылы белгілі бір затқа тапсырыс берген жағдайда, сенімді сатушы екеніне алдын ала көз жеткізіңіз;

Бұдан басқа, күмән туғызатын қандай да болмасын жағдайлар туындаған кезде, алаяқтардың арбауына түсіп қалмай, сақ болуға шақырамыз.

– Әңгімеңізге көп рахмет. Бәріміздің де айтатынымыз сол, сақ болайық!

Сұқбатты жүргізген Дариға Нұрашова

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале