21.11.2024, 16:00
Оқылды: 12

Бөрліде «Қарызсыз қоғам» жобасы жалғасып жатыр

Бүгінгі нарықтық қоғамда қаржылық және құқықтық сауаттылық әрбір азамат үшін маңызды. Себебі күнделікті ақшалай операциялардан бөлек, несие, депозит, ипотека сынды ірі келісімдер де бар. Оның әрбірі тиімді шешім қабылдай алу мен мұқияттылықты талап етеді. Әрі жалпы экономиканың өзі азаматтардың қаржылай сауаттылығына байланысты.

қаржылық сауаттылық (2)

Осы ұстанымды басшылыққа алған билік басындағылар жаппай халықтың сауатын ашуға бағытталған іс-шаралар кешенін қолға алды.

Соңғы екі жыл ішінде Бөрлі ауылдық округінің түрлі әлеуметтік санаттағы тұрғындары аталған курстарға қатысып, сауаттарын ашты. Жуырда Батыс Қазақстан облысының Қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Қарызсыз қоғам» жобасы аясындағы онлайн семинарға қатысқан Бөрлі колледжінің студенттері де қаржылық сауаттылықтың тәжірибелік сабақтарынан пайдалы кеңес алып, білім қорларын толықтырды.

Жаһанданған әлемдегі қаржы нарығы мен қаржылық қызметтердің тез дамуы қаржылық құралдардың түрленіп, жаңаша форматтарға өтуіне, көбеюіне және олармен жұмыс жасау әдістерінің күрделенуіне әкеліп отыр. Бұрын тек қолма-қол ақша болатын. Одан соң банктер бар еді. Ал қазір тіпті банкке бармай-ақ онлайн аударымдар мен төлемдер жасауға, басқа да қаржылық операцияларды орындауға жағдай жасалған.

Сәйкесінше, банк терминалдары, пластикалық карталар, операторлық орталықтар, онлайн қаржылық қызмет түрлері мен онлайн кеңесшілер пайда болды. Осыған сай кез келген адам банктік шотты, депозитті онлайн ашып немесе несие алып, цифрлы форматта рәсімдеулер жүргізе алады. Ал мұның бәрі үшін белгілі бір деңгейдегі қаржылық білім талап етіледі.

Аталған мүмкіндіктерді пайдалану үшін обердрафт, эквайринг, сақтандыру полисі, әртүрлі амалға алынатын комиссия, кешбек, бонустар, несие пайыздары және оның түрлері, несиелік лимит, несиелік рейтинг, карта көмегімен қарызды жабу, автотөлемдер, ағымдағы және жинақ шоттары, несие тарихы, кредиттік балл секілді экономикалық-қаржылық ұғымдардан хабардар болу қажет.

Осының бәрін үйретіп, қадағалайтын ең тиімді институт – оқу орны. Тәрбие сағаттары мен пән мазмұнына қарай қаржылық сауаттылыққа қатысты білім алатын жастар, ең алдымен, сол білімді іс жүзінде пайдалана алатындай дағды қалыптастыруы керек. 

Зеттеушілердің паймдауынша Қазақстанда соңғы үш жылда қаржылық сауаттылық деңгейі 39 пайыздан 40,2 пайызға дейін өскен. Яғни, сауат ашу жобаларының нәтижесі бар деген сөз.

Нұргүл Қуатова

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале