Биылғы «Балалар жылы» және Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Бөрлі ауданында «Бала барысы - 2022» шарасы өтті. Ұлттық қазақ күресін бұқара арасында кеңінен насихаттап, дамыту мақсатында ұйымдастырылған турнир биыл алғаш рет өткізілді.
Қазақ спортын, оның ішінде ұлттық күресті насихаттауға бағытталған бірегей жоба елдің көңілінен шығып, сүйікті жарысына айналды. Кім мықтыны анықтаған сайысқа өңірдегі сайдың тасындай тізілген 16 жас палуан қатысты. «Күш атасын танымас» деген балуандар өзара мықтыны анықтап, айласы мен әдісі, бабы мен бағы келіскен қатысушылар финалда белдесті.
Делебені қоздырып, көңіл көрігін қыздырған белдесулер «Бала барысы - 2022» атағы үшін күрескен палуандардың арасында өтті.
Үшінші орынға талас ақбұлақтық Глеб Құрманалиев пен пугачевтық Тамерлан Шахидов арасында өтті. Теміржан Көлбай мен Мағзом Елжанның шәкірттері ойын өрнегін қыздырып, нәтижесінде жартылай жеңіспен Глеб Құрманалиев жеңіске жетті.
Ал финалдық белдесу аудандық қазақ күресінен аға жаттықтырушы Ақтілек Гапаровтың шәкірті Сапаров Аңсар (лақап аты «Қыран») мен Серік Қалимулланың шәкірті, «Бөрінің бөрісі» Муслим Амангелді арасында өтті. Нәтижесінде айқын басымдылықпен ақсайлық Аңсар Сапаров жеңіске жетіп, «Бала барысы» атанды.
Жеңімпаздарға сыйлықтарды аудан әкімі Еркебұлан Ихсанов табыстады.
Айым Нұрғалиева,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz