Кең байтақ дала, ақ ұлпа қармен көмкерілген жазық. Аспан ашық, көк жүзінде бірде-бір бұлт көрінбейді. Аязды ауада ат тұяғының дүбірі жаңғырып, қардың майда түйіршіктері аспанға шашырайды.
Ат үстіндегі жігіттер – қайсар рухтың, ұлттық өнердің өкілдері. Олар көкпардың қызу додасына кіріп, алға ұмтылған. Киімдерінен ұлттық спортқа деген құштарлық сезіледі. Кейбірі көкпарды тақымға басуға тырысып, шапшаңдық танытып келеді. Ал басқалары қарсыластарын қуып жетіп, серкені тартып алуға ұмтылуда.
Сырттан бақылаған жанға жігіттердің жүзі көрінбесе де, олардың айбарлы келбеті, қайратты қимылы, намысты ту еткен тұлғасы көрініп тұр. Қазақтың рухын асқақтатар көкпар ойыны – нағыз батырлардың сайысы. Қар жамылған даладағы бұл көрініс – ұлттық спорттың ажырамас бейнесі. Біздің бұл сипаттауымыз картинадан алынған немесе бейне жазбадан жазылған жоқ. Бұл Бөрлі ауылында өткен жаппай көкпардың көрінісі еді. Қаны тулаған жігіттер атқа қонғанда сол жердегі жас-кәрі бәрінің назары соларға ауды. Көкпар басталғанда азамат пен ат бірін-бірі түсінгендей тайталасқа еніп кетті. Соңғы уақытта аудан көлемінде осындай көкпарлар мен тай жарыстары көптеп өткізіліп жүргенін әлеуметтік желіден байқап жүрміз. Сонымен қатар көбіне телефонға шұқшиып қалған жас буынның да қызығушылығы артқаны сезіледі. Бүгінгі әңгімеміз ауданымыздағы ұлттық спорт туралы өрбитін болады.
Ат спорты – тек дене шынықтырудың ғана емес, сонымен қатар баланың жан-жақты дамуына ықпал ететін ерекше спорт түрі. Қазақ халқы ежелден жылқыны жеті қазынаның бірі санап, оны тұлпар мінуге, баптауға, тіпті серік етуге үйреткен. Бүгінде ат спортының балаға тигізер пайдасы ғылыми түрде дәлелденген.
Атқа міну барысында бала барлық бұлшық етін жұмыс істетеді, тепе-теңдікті сақтауды үйренеді, дене сымбаты түзіледі. Сондай-ақ, атпен серуендеу қан айналымын жақсартып, жалпы физикалық төзімділікті арттырады. Атқа міну арқылы бала сенімділікке, батылдыққа үйренеді, күйзелістен арылып, эмоциялық тұрақтылыққа қол жеткізеді. Атқа күтім жасау, оны баптау – үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бала жылқыға қамқорлық жасап, оның көңіл-күйін түсініп, серік болуды үйренеді. Бұл қасиеттер оның болашақ өмірінде де үлкен маңызға ие болмақ. Ат спорты – қазақ халқының ежелгі мәдениетінің бір бөлігі. Онымен айналысу арқылы бала ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, ата-баба дәстүрін жалғастыруға деген қызығушылығын арттырады. Сол себепті де ауданымызда осы спорт түрлерінің дамуына үлкен күш салынуда. Ауданымызда осы бағытта жасалып жатырған жұммыстарды білу үшін аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Исатай Таштемірұлына хабарластық.
- Ұлттық спорт – халқымыздың сан ғасырлық мәдени мұрасы, ата-бабаларымыздың өмір сүру салтының айнасы. Бүгінде ұлттық спорт түрлерін жаңғырту, жастар арасында кеңінен насихаттау – біздің басты міндетіміздің бірі. Ұлттық спорт – ата-бабамыздан қалған асыл мұра, қазақ халқының рухани әрі жауынгерлік мәдениетінің айқын көрінісі. Бүгінде көкпар, аударыспақ, жамбы ату сияқты спорт түрлерін кеңінен дамыту – біз үшін маңызды болмақ. Ауданымызда көкпар, қазақ күресі, бәйге, тоғызқұмалақ сияқты ұлттық спорт түрлерін дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жасөспірімдерді ұлттық спортқа баулу үшін арнайы секциялар ашылып, спорттық жарыстар ұйымдастырылып келеді. Сонымен қатар, ұлттық спортшыларды қолдау мақсатында оқу-жаттығу жиындары өткізіліп, қажетті шаралар атқарып жатырмыз. Мысалы көкпар – жігіттің ептілігі мен қайсарлығын сынайтын спорт. Аударыспақ – күш пен шеберлікті ұштастыратын ұлттық күрес болса, ал жамбы ату – мергендік пен шапшаңдықты талап ететін ерекше спорт. Осы бағытта жас спортшыларды тәрбиелеп, оны дамыту үшін арнайы жаттығу алаңдарын жасап, жастарды ат спортына баулу жұмыстары қолға алынуда. Бұл бағытта дәстүрлі садақ ату үйірмелері ашылып, жас мергендерді дайындауға көңіл бөлінуде. Ауылдық округтерде тай жарыстары, шағын көкпар, аударыспақтар өткізіліп жатыр. Соңғы кезде осы жұмыстар өз нәтижесін бергені байқалып келеді. Өйткені өздерінің аты болмаса да, ат ұстайтын азаматтарды тауып, өз беттерінше дайындалып, көкпарға қатысып жүрген қаланың балалары аз емес. Осыдан-ақ жұмысымыздың нәтижелі болып жатқанын байқауға болады. Бүгінгі күні Бөрлі ауылында арнайы ат ұстайтын орын дайындаймыз деген жоспар бар. Бумакөл ауылының азаматы Берік Мұқашев осыған дейін өзі қызығушылықпен жастарды ұлттық спортқа бейімдеп жүрді. Өзіміз оған барынша қолдау жасап, жан-жақты көмек қолын созудамыз. Алдағы уақытта Бөрлі ауданында ұлттық ат спортының жұлдызы жақырайды деген ниеттеміз. Осы жолда біршама азаматтар майдай терін төгіп жатыр. Жалпы ұлттық спорт – халқымыздың рухын асқақтататын, жастардың намысын жанып, болмысын қалыптастыратын сала. Сондықтан біз бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі дамытып, ұлттық спорт түрлерін жаңа деңгейге көтеруге күш саламыз. Ұлт рухын көтеретін, жастардың бойына патриотизм мен қайсарлықты сіңіретін құндылық, - дейді Исатай Қарабаев.
Біз жоғарыда суреттеген көкпар Бөрлі ауылында күні кеше ғана өтті. Жаппай көкпардан аудандық лига тартысқа толы болды. Бірінші орынды ат ойынының қыры мен сырын түсініп, амалы мен айласын асыра білген Шанхай ықшамауданының командасы иеленді. Екінші орынға Пугачев, үшінші орынға Бумакөл ауылының командасы қол жеткізді. Сайыс өте жоғары деңгейде өтіп, нағыз талап пен тартыстың, ептілік пен жүректіліктің көрінісін көре алдық.
- Көкпар – тек күш сынасу ғана емес, нағыз жігіттік өнер. Бұл сайыс мен үшін үлкен тәжірибе болды. Команданың бірлігі, аттың дайындығы және өзіңнің батылдығың басты рөл атқарады. Жеңіске жету оңай болған жоқ, бірақ бұл еңбектің, жанкештіліктің және ұлттық спортқа деген махаббаттың нәтижесі. Көкпар – бала кезімізден қанға сіңген ойын. Көршілерімізбен бірге ойнап, осы спортқа деген махаббатымыз оянды. Бала күнімізде лақтың орнына шүберек байланған дорбаны тартып, ат үстінде тайталасатын едік. Сол кезде алған тәжірибем бүгінгі жетістігіме негіз болды. Жарыста жүлделі орын алу – мен үшін үлкен мәртебе. Бірақ ең бастысы – бұл жеңіс жалғыз менікі емес, бала кезден бірге өскен көршілеріммен, ағайындарыммен ортақ еңбектің нәтижесі. Біз әлі де бірге жаттығып, ұлттық спорттың дамуына үлес қосуға тырысамыз,-дейді жеңімпаз команданың мүшесі, Ақсай қаласының тұрғыны Ғұмар Әжіғалиев.
Сөзіміздің басында Бөрлі ауданындағы ат спорт түрлерінің жиі өтуі жастардың қызығушылығын артырғанын тілге тиек еттік. Шанхай, Қызылтал шағын аудандарында атқа мініп шауып жүрген, көкпар тартып, аударыспақ ойнап жүрген балаларды жиі көзіміз шалады. Тіпті соңғы кезде ат үйретіп, асау тақымдаған оқушыларды да көріп жатырмыз. Мұның барлығы соңғы уақыттағы қолға алып жатырған шаралар өз жемісі беріп жатыр деген сөз.
- Мен қалада туып-өскен баламын. Атты тек теледидардан, кітаптардан көріп жүретінмін. Бірақ бір күні Қызылтал деген шағынаудандағы достарым атқа мінуге шақырды. Бұл мен үшін ұмытылмас сәт болды! Алғашында қорқыныш болды. Бірақ айналамдағыларға білдірген жоқпын. Не болса да байқап көрейін деп тәуекел жасадым. Солай бір тайды тақымыма қысып, тізгінді алдым. Бірте-бірте жылқы маған үйреніп, мен де өзімді сенімді сезіне бастадым. Аттың жүрісі бір түрлі, тербеліп отырғандайсың, ал желе жортып шапқанда ерекше ләззат аласың. Далада шауып келе жатқанда, жел бетіңді қарып өтеді, ал айналаң – шексіз кеңістік! Бұл – еркіндіктің нағыз өзі! Ең қызығы, аттар адамды сезеді екен. Егер сен қобалжысаң, ол да мазасызданады. Ал сен оны сенімді түрде басқарсаң, ол да сені тыңдайды. Атқа мінген сайын, өзімді мықты әрі батыл сезіне бастадым. Қазір мен атқа мінуді үйреніп жүрмін. Болашақта көкпар сияқты ұлттық ойындарды да көріп, үйренгім келеді. Жақында достарымызбен шағын көкпар ойнадық. Одан бұрын жерден затты көтіп алу үшін арнайы жаттығулар жасап үйрендік. Қазір қолым қалт ете қалса жылқысы бар достарымның үйінен табыламын. Жылқы менің жан досым секілді. Бұл спорт емес, нағыз өмір салты екен,-деп пікір білдірді 9-сынып оқушысы Мұхамбет Мүслім.
Ұлттық ойындар – халқымыздың рухани және мәдени қазынасы. Бүгінде ұлттық ойындарды жаңғырту – болашаққа жасаған маңызды қадам. Оларды дамыту арқылы біз өз тамырымыздан ажырамай, ата-бабаларымыздың асыл мұрасын сақтай аламыз.
Мейрамбек Сыдықов
Бөрлі ауданы