22.12.2021, 12:46
Оқылды: 56

Бөрліде қос ауылға ауыз су келді

Бөрлі ауданында ауыз су мәселесі жыл өткен сайын оң шешімін тауып келеді. Күрмеуі қиын мәселе мемлекеттік бағдарламалар аясында сәтті жүзеге асырылуда. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесінде ауданға қарасты Қарағанды және Облавка ауылдарында таза ауыз су жүйесі пайдалануға берілді. Қос ауыл тұрғындарының қуанышына аудан әкімі Миржан Сатқанов ортақтасып, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтуға ерекше көңіл бөліп отырғанын және ел игілігі үшін мұндай шаралардың әлі де жалғаса беретінін жеткізді.

суу

Мәселен, Қарағанды ауылында орталық ауыз су жүйесі сонау Кеңес дәуірінде жүргізілген. Құбырлар ескіріп, тозығы жеткеннен соң ауылда 2007 жылы "Таза су" мемлекеттік бағдарламасы арқылы 5 құдық пен өрт гидранттары қойылды. Тұрғындар ауыз суды  тасып ішіп, тапшылығын  көрген еді. Қарағандылықтар ауылға орталық ауыз су жүйесін жүргізу мәселесін 2013 жылдан бастап көтеріп келеді. Ілкімді іс тек биыл қолға алынып, ауылдағы 600-ге жуық тұрғын тіршілік нәрін тасымалдау машақатынан құтылды. Жалпы ұзындығы  17 шақырым жерге пластик құбырлар тартылады. Тереңдігі 25 метрлік 2 ұңғыма қазып, 2 су мұнарасы мен өрт гидранттары орнатылды. Бұған қоса әр үйге су есептегіш қондырғылары қойылды. Аталған жобаға ел қазынасынан 206 млн. қаражат бөлінген.

су1

Ауыл тұрғындарын таза ауыз сумен қамту жұмыстары Облавка елді мекенінде аяқталды.  Көп жылғы өзекті мәселенің шешілуі мемлекеттің қолдауымен іске асты. Сондай ақ су желісін жаңғыртуға жұмыссыз жүрген жергілікті тұрғындар тартылды. Құрылыста пайдаланып жатқан құбырлар, есептеу құралдары және өзге де қосалқы бөлшектердің барлығы отандық өнім. Су құбырын жүргізу жұмыстары мамыр айында қолға алынған болатын.

-  Жалпы ұзындығы  13 шақырым жерге пластик трубалар тартылды. Бір ерекшелігі мұндай шірімейтін құбырлардан судың кермек дәмі мүлде шықпайды. Тереңдігі 25 метрлік 2 ұңғыма қазып, 2 су мұнарасы қойылды.  15 өрт гидранттары орнатылды. Бұған қоса әр үйге су есептегіш қондырғылары қойылды, – дейді учаске бастығы Михаил Зубков.

Айта кетейік, қос ауылды қуантқан оңды іс мемлекеттің "Өңірлерді дамыту" бағдарламасы аясында жүзеге асты.

Айым Нұрғалиева,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале