1.10.2024, 17:45
Оқылды: 6

Бөрліде Көшпенділер ойынына барған өңір елшілерімен кездесу өтті

Қыркүйек айының 8-14 күндері еліміздің бас қаласы Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының өткені бәрімізге белгілі. Аталған ойын екі жылда бір рет өтеді.

44F9BBD2-9886-4C98-AC60-27BAAF413140

2014 жылы Қырғызстаннан бастау алған әлемнің көшпенді елдері қатысқан ойын биыл алғаш рет Қазақстанда өтті. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – этникалық спорт түрлерінен өтетін халықаралық жарыс. Аталған жарыстағы ойындардың барлығы да көшпелі халықтардың ұлттық ойындарына негізделген. Ал оның мақсаты – көшпелі халықтардың мәдениетін, ұлттық спорт түрлерін сақтап, халықаралық деңгейге көтеру.

Жақында Бөрлі аудандық демалу орталығында V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына Батыс Қазақстан облысының ресми түрде елшісі болып барған жерлестерімізбен кездесу өтті.

526A0A14-1246-4F4B-90BF-451B69E67285

Ауданымыздың мәдениет қызметкерлері «Батыс Қазақстан туристік қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің директоры Айболат Құрымбаев, БҚО Қазақ күресі ассоциациясының президенті, грек-рим, еркін күрес пен қыздар күресі федерациясының вице-президенті, «Дала қырандары» жастар ұжымының үйлестірушісі Әсет Сұлтанұлы және аудандық демалу орталығы директорының шығармашылық жөніндегі орынбасары, дәстүрмейкер Арна Доспулаевалармен кездесті.

Кездесу кешін аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Аңсар Дюсенов сөз алып, ашып берді.

Ең бірінші сөз алған «Батыс Қазақстан туристік қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің директоры Айболат Шамұратұлы жиналған халыққа көшпенділер ойындарының тарихы және ашылу салтанаты туралы айтып берді.

69F9D51E-7205-4100-AC3D-C4E0B67D47C2

– Олимпиада ойынының негізі Олимп тауынан алған алау болса, Көшпенділер ойыны судан бастау алады. «Су – тіршілік көзі» дегендей кезінде ата-бабаларымызда қоныстарын, киіз үйлерін өзеннің бойына, құдықтың жанынан тіккен. Сондықтан бұл ойынның негізгі символы – су. Облысымызда бірнеше бұлақ бар. Біз Тасқала ауданындағы Ақбұлақ ауылының бұлағынан су құйған торсықты 10 елші, 1 батыр болып, Астана қаласына жеткіздік. Кейіннен батырымыз торсықтағы бұлақтың суын тайқазанға құйды. Аталған жарысты көшпенділер олимпиадасы деп те атайды. Түрлі көшпелі халықтардың ұлттық ойындарын дәріптеу, ұлттық құндылықтарын көрсету мақсатында ұйымдастырылған халықаралық деңгейдегі олимпиада. Жарыстың басты талаптарының бірі қатысушылардың барлығы да ұлттық киімдерін киіп келуі болды. Біз өзімізді бір карнавалда жүргендей сезіндік, - дейді тарихшы Айболат Шамұратұлы.

Сонымен қатар кеш барысында БҚО Қазақ күресі ассоциациясының президенті Әсет Сұлтанұлы жиналған халыққа көшпенді халықтардың ұлттық ойындарына негізделген жарыстар бойынша ақпарат берді. Кеш қонағы еліміздің спортшыларының қатысқан барлық жарыстарын және басқа елдердің қай спорт түрлерінен мықты екендері туралы да мәлімет беріп, өткен жарыстар бойынша өз ойымен бөлісті.

– Әр облыстан баратын елшілерді іріктеу алты ай бұрын басталды. Елшілердің қатарында тарихшы, тілші, әр түрлі спорт түрлерінің жаттықтырушылары және тағы басқалар болды. Менің баруымның себебі дәстүрді дәріптеп, салтты сақтап жүрген дәстүрмейкер, блогер болғаным деп ойлаймын. Елшінің басты міндеті сол жердегі ұлттық құндылығымызды көріп, біліп, елге келгеннен кейін көргеніміздің бәрін халыққа жеткізу. Әлемдік деңгейдегі көшпенділер ойыны өте керемет өтті. 89 ел қатысқан Көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына бірнеше елдің президенттері қатысты. Облысымыздан тек Бекнұр атты бір спортшы ғана қатысты. Біздер облысымыздың атынан шыққан Бекнұрға қолдау білдірдік. Бекнұр Серіков теңге ілудің «бес белес» стилі бойынша қатысты. Теңгелерді ілуге 35 секунд берілсе, 33 секундта іліп отырған. Ол теңге ілу жарысына қатысып, алтын алғандардың, үздіктердің қатарынан көрінді, - дейді аудандық демалу орталығы директорының орынбасары Арна Едекешқызы.

Кеш соңында аудандық демалу орталығының директоры Бекей Қанатов сөз алып, алғысын білдіріп, келген қонақтарға естелік сыйлықтар табыстады.

Айдана Абдрахманова

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале