Бөрлі аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша «Ашық көмек» қоғамдық қоры «Медиатор жұмысы – дауды шешу кепілі» атты шара ұйымдастырды.
Бұл кездесу «БҚО Бөрлі ауданының тұрғындарына психологиялық және құқықтық көмек көрсетуге (кеңес беру) бағытталған қызметтер» жобасы аясында өтті.
Аталған жоба аясында құқықтық қызметтер, халықтың әлеуметтік осал топтарына, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, жұмысшы жастарға заңгерлік кеңес беріледі.
Сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарына психологиялық көмек көрсетіліп, білім беру мекмелерінің психологтарымен, денсаулық сақтау, құқық қорғау органдарының психологтарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізіледі.
Шараға БҚО әкімдігі қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері этномәдени бірлестіктермен жұмыс және этносаралық саладағы медиация бөлімінің басшысы Жамал Ихсанова мен этносаралық медиатор Ерлан Қуанышқалиевтар келді.
Алдымен «Қоғамдық келісім» КММ мамандары аудан әкімінің орынбасары Дулат Имашевпен кездесіп, аудандағы медиаторлардың жұмысын талқылады. Кейіннен аудандық орталықтандырылған кітапханада аудандық сот, прокуратура, ішкі істер бөлімі мен пробация қызметінің қызметкерлері және аудандық ақсақалдар және аналар кеңесі, ауылдық округтердің медиаторларымен кездесіп, әдістемелік көмек пен қолдау жасап, ақпараттармен алмасты.
– Бүгінгі шара барысында аудан бойынша этномәдени бірлестік өкілдерімен, жалпы қоғамдағы белсенді азаматтармен кездесіп, Елбасының тапсырмаларын талқылап жатырмыз. Атап айтар болсақ, Ұлттық құрылтайда да, Қазақстан Ассамблеясының сессиясында да отбасындағы ұлттық тәрбие, қоғамдағы болып жатқан жағымсыз жағдайлар бес кесел, яғни бес бағыт деп аталып, үнемі осы тақырыптар қозғалып тұрады. Облыс көлемінде де жастармен бірге көптеген шаралар өтіп жатыр. Этнос өкілдерінің арасында да дау-дамай туындауы мүмкін болғандықтан медиацияның жаңа бағыты саналатын этномедиаторлармен жұмысты бастап, күшейту үстіндеміз, - дейді «Қоғамдық келісім» КММ этномәдени бірлестіктермен жұмыс және этносаралық саладағы медиация бөлімінің басшысы Жамал Сағынғалиқызы.
Шарадан кейін мамандар аудандық Достық үйінің жұмысымен танысып, қызметкерлерімен кездесті.
Айдана Абдрахманова
Бөрлі ауданы