Адам жанының арашасы саналатын медицина саласы қызметкерлері елімізде жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде кәсіби мерекелерін тойлайды. Осыған орай аудандық мәдениет үйінде тамаша шара өтті. Онда облыс, аудан басшылары атынан алғысхаттарға ие болған ардақты дәрігерлер, мейірімді мейірбикелер мен медицина саласының кіші қызметкерлері мерекелік концертке де куә болды.
Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Алтай Тоқжанов арнайы қатысып, ақ халаттыларға ақ жарма тілегін арнады.
– Халық денсаулығы күзетіндегі дәрігер мамандығы кез келген қоғамда адалдығымен, жауапкершілігімен, адамгершілігімен, алатын орны ерекше. Адам денсаулығымен белсенді өмір сүруіне адал қызмет ететін, адам өмірін ұзартып, ажалға араша болатын дәрігер мамандығын халқымыз ежелден құрметтеген. Осы орайда, мамандықтарыңызға адал болып, ауданымыздың денсаулық сақтау ісіне қосқан үлестеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Бүгінгі таңда қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту еліміздің, мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Елімізде денсаулық саласын дамыту, тұрғындарға заман талабына сай қолжетімді және сапалы медициналық қызмет көрсету жолында бар мүмкіндіктер жасақталуда. Біздің ауданымызда заманауи құралдармен жабдықталған жаңа емдеу мекемесінің салынуы, жедел көмек сапасының артуы, жаңа медициналық технологияның еңгізілуі, ауылдық елді мекендердегі денсаулық сақтау нысандарының жөнделіп, жабдықталуы және ауданымызға қажетті мамандарың тартылуы тұрғындарға медицина сапасын арттыруға оң ықпал етуде. Сондықтан сіздерге алғыс айтып, дендеріңізге саулық тілейміз, - деген Алтай Серғазыұлы бір топ дәрігерге аудан әкімі Еркебұлан Ихсановтың атынан алғасхат табыстап, өңір медицинасының дамуына қолдан келгенше көмек беретіндігін жеткізді.
Салтанатты шара барысында аудандық мәслихат төрағасы Қайрат Ермекбаев пен аудандық орталық аурухана директоры Алтынай Баймұратова, «Интертич» ЖШС директоры Гүлнар Баесова және «Медикер Ақсай» ЖШС директоры Алмагүл Бахитовалар мерекемен құттықтап, бір топ медицина саласы қызметкерлеріне алғыс хат табыстады.
Салтанатты шара «Денсаулық баға жетпес құндылық!» атты концертке ұласты.
Өзге мамандықтардың ішінде халық денсаулығын жақсартуға, өмірін сақтауға бағытталған дәрігер мамандығы – жауапкершілігі зор, мәртебелі мамандық. Ажалға араша тұрып, адам баласына жаңа өмір сыйлайтын мамандық иелеріне көрсетілетін құрмет те ерекше болуы тиіс.
Айым Нұрғалиева
Бөрлі ауданы