«Адалдық алаңы» жобасы еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауы аясында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен қолға алынып, қазіргі таңда еліміздің барлық өңірлерінде жобалық кеңселер қызмет етіп келеді.
- Бұл сыбайлас жемқорлықты азайту мен мемлекеттік органдарға елдің сенімін арттыруға бағытталған жоба. Кеңсе мемлекеттік қызмет беру, білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, сәулет құрылыс және жер қатынастары мәселелерін шешуге арналған, - дейді Бөрлі ауданы бойынша жоба төрағасы Ербол Мергалиев.
- «Ақжайық – адалдық алаңы» жобасы аясында жыл басынан бері күнделікті сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету, сыбайлас жемқорлықтан жалпы бас тартуды қалыптастыру, Бөрлі ауданының бөлімдерімен бірге азаматтардың мемлекеттік мекемелерге деген сенімін арттыру мақсатында 81 сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар өткізіліп, 700-ге жуық адам қамтылды. Олардың ішіне мониторингтер, ақпараттық түсіндіру жұмыстары, ақпараттық парақшалардың таратылуы мен стендтердің жаңартылуы кіреді. Өткен жылы Бөрлі аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы жанынан «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ашылып, аудан бойынша тұрғындарды қабылдау және Call centre мен whats app әлеуметтік желісі арқылы кеңес берулер жүргізіліп келеді. Call centre мен whats app әлеуметтік желісі арқылы 200-ге жуық аудан тұрғындарына кеңес беріліп, көмек көрсетілді, - деп жалғастырды сөзін жоба төрағасы.
Жалпы ауданда ауылдық округ әкімдіктерінің ұйымдастыруымен жыл басынан бері «Ақжайық – адалдық алаңы» жобасы аясында 56 іс-шара өткізді. «Адалдық алаңы» өңірлік жобалық кеңсесінің тапсырысымен ауданымыздың барлық ауылдық округтерінде, қаламызда, мектептер мен әкім апараттары және мелекеттік мекемелерде жобаға сәйкес баннерлер және стендтер жаңартылды.
Соның бірі қаламыздағы 10-шағынаудандағы төртінші үйдің қабырғасына Ұлы ақын Абайдың муралы салынды. Мурал шаһарға оңтүстік жақтан кірер бағытта Абай даңғылы бойында көрініс тапты. Ұлы ақынның бейнесімен бірге «Пайда ойлама, ар ойла» деген ақынның көпке ой саларлық сөзі жазылды. Композиция салтанатты түрде ашылып, оған аудан әкімі Миржан Сатқанов, облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Самет, қала тұрғындары қатысты.
Одан бөлек ұлы ойшыл Әл-Фараби бабамыздың, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың адалдық қасиеттері тұрғысынан кіршіксіз таза, мәрт болатындығы туралы ой толғамдары жазылған баннерлер орталық көшелерге қойылды. Бұл жұмыстар тұрғындар тарапынан оң бағасын алып үлгерді.
- Кез келген мемлекетті кері кетіретін өте қауіпті фактор – жемқорлық. Сайып келгенде аталмыш кеңсені құрудағы басты міндет – тұрмыстық жемқорлықты жою, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, азаматтарға ашық қолайлы орта қалыптастыру, қоғамдық бақылауды күшейту. Бұл жоба аясында жоспарға сәйкес алдағы уақытта да жұмыстар жүргізіле бермек, - дейді жоба төрағасы Ербол Балгерейұлы.
Сәнім Меңдібай,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz