Бүгін Бөрлі ауданы іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында қала күніне арналған «Шеберлер қалашығы» этно-мәдени ұлттық шарасы өтті.
Мәдени шараға қатысқан қолөнер шеберлері өз бұйымдарын көпшілікке ұсынды. Көрменің басты мақсаты – қолөнер шеберлеріне қолдау көрсету, олардың жасаған бұйымдарын халық арасында кеңінен насихаттау, жас әрі дарынды қолөнершілерді анықтау. Қолөнер бұйымдарын көріп, тамашалаушылар қатары да аз болмады. Қолөнер көрмесінде зергерлік бұйымдар, былғары, тоқымадан жасалған бұйымдар т.б. қойылды. Ұлттық оюмен өрнектелген қазақы киімдер мен көрпе, төсеніштер де көрменің көркін ашты.
«Қолөнер - өлмес өнер. Бұл, өзге ұлттардан ерекшелігімізді, құндылығымызды айшықтайтын бекзат өнеріміз» деген аудан басшысы да шеберлердің еңбегін бағалап, алғыс хаттар ұсынды.
Жәрмеңкеде сонымен бірге ұлттық қолөнермен қатар, әуезді әндер де шырқалды.
Сәнім Меңдібай,
Бөрлі ауданы