Ақсай қаласы көшелеріне еліміздің атын байрақты бәсекелерде төрге шығарып, намысын қорғап жүрген, жерлес споршыларымыздың суреті бейнеленген баннерлер ілінуде. Баннерлерде Бөрлі ауданы топырағынан шыққан әйелдер күресінен Рио олимпиадасының қола жүлдегері Екатерина Ларионова, паратаеквондодан Еуропа чемпионы Мәлік Мұқашев, самбо күресінен Азия чемпионы Темірлан Көлбайлардың бейнелері бар. Сонымен қатар Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Бұқаралық дене шынықтыруды өркендету ісі жаңа чемпиондар шыңына шығатын пирамидаға айналуы тиіс» деген сөзі қоса беріліп отыр.
-Басты мақсатымыз - споршыларымыздың жеткен жетістіктерін көрсете отырып, елді спортқа қызықтыру. Көшеде өтіп бара жатқан жас бала осы аға-апаларын көріп, спортқа қызығып, ертең мен де осындай болсам екен деген ой тастасақ біз үшін үлкен жеңіс. Бала сондай арман арқылы алға қадам басады. Және олар біздің болашақ чемпиондар болмақ,- дейді дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Арман Исанов.
Мейрамбек Сыдықов
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz