14.10.2024, 19:00
Оқылды: 138

Бөрліде ұлттық спорт ұлықталды

Елімізде 5-ші көшпенділер ойындары ойдағыдай өтті. Атқа қонған абадан азаматтар елдің туын жықпады. Қанымызда бар қазақы ойындарда алдарына жан салмай жеңімпаз атанды. Көшпенділер ойындарының әлеуметтік желідегі үзінділерін көріп елдің жаны жадырап, рухы асқақтап қалды. Оны әлеуметтік желілердегі түрлі пікірлерден анық аңғарамыз. Сол көшпенділер ойынының шағын нұсқасы Бөрлі ауданында да өтті.

IMG-20241014-WA0046

Сенбінің таңында сабылған жұрт қаланың Аралтал тұсына қарай ағылды. Өйткені сол жерде ұлттық құндылықтарды дәріптеп, ұлт руханиятына серпін беретін тамаша шара өтті. Игілікті шараның басында аудан әкімі Еркебұлан Ихсановтан бастап барлық бөлім басшылары болды. Аудан басшысы жиылған жұртқа жақсы тілегін жолдап, лебізін арнады.
- Құрметті жерлестер "Дала FEST" деп аталатын бүгінгі ұлттық ойындардың сайысына қош келдіңіздер. Ұлттың рухы мықты болуы үшін ол өзінің өткенінен, өзегінен тармырын үзбеуі керек. Сондықтан бүгінгідей ұлттың құндылықтарын насихаттайтын шаралар маңызды. Оның ішінде ұлтымыздың болмысы мен ерекшелігін әспеттеп тұратын дала ойындары жас ұрпаққа насихаттау барлығымыздың міндетіміз. Бүгінгі сынға түсіп жатқан барша қатысушыларға сәттілік тілеймін, - деді аудан әкімі Еркебұлан Нұрединұлы.
Сөйтіп даланы дүбірлеткен «Дала FEST» ұлттық-бұқаралық спорттық сайысы басталып кетті.

IMG-20241014-WA0044

Боз кілемде балуандар шығып кім мықтыны анықтады. "Не бел кетеді, не белбеу кетеді" деп тәуекел жасаған бабаның ұрпақтары боз кілемге шығып күш сынасудан бас тартпады. Азаматтар «Өгіз палуан» және «Түйе палуан» дәрежелері бойынша сынға түсті. Қазақ күресінен жарыс нәтижесі бойынша «Өгіз палуан» салмақ дәрежесінде Нығмет Серікбай үздік атанды. Нұрсұлтан Мырзахметов екінші орынға, үшінші орынға Мәдениет Нурсейіт қол жеткізді. Ел түйе палуандарының сынын аса қызығушылықпен тамашалады. Кешегі Қажымұқандардың ізі болған алыптар, бір-бірін алып та, шалып та жықты. Көпшілікке әсерлі белдесулер сыйлады. Әсіресе балалар қатты қызығушылықпен қарап, жан шыға жанкүйерлік танытып жатты. «Түйе палуан» салмақ дәрежесінде Темірлан Габбасов бас жүлдені иемденді. Алтынбек Қуатов екінші орын алса, Замир Хамзин үшінші орынды алды.

IMG-20241014-WA0052
Тағы бір күш пен қайсарлық сыналатын ойындардың бірі – қой көтеру. Бұл сайыста да "сен тұр, мен атайын" деген азаматтар абдырап қалмады. Бәрі күш сынастырып, мүмкіндіктерін ортаға салды. Дегенмен мықтының мықтысы табылды. «Дала FEST» ұлттық-бұқаралық спорттық ойындарында қой көтеруден Нұрымжан Габбасов үздік атанып, қойды қанжығасына байлады.
Қазақ даласында азамат үшін айқас таусылған ба?! Жігітті сегіз қырлы, бір сырлы қылатын, от пен суға қатар салатын сындар ары қарай жалғасын тапты. Ендігі кезекте қара күш иелеріне төр ұсынылды.

IMG-20241014-WA0053

Қалауы бойынша жігіттер гір көтеруден жарысып көрді. 24 кг гір тасын көтеруден
Виталий Бырко бәрін шаң қаптырды. Ғұмар Әжіғалиев екінші орынды, Виктор Николаев үшінші орынды еншіледі. 16 кг гір тасын көтеруден Еламан Сансызбаевқа тең келер қарсылас табылмады. Әкенің жолын жалғаған Али Әжіғалиев екінші орын алды. Мейрман Мендалиев үшінші орынға қол жеткізді.

Кешегі жыраулардың жырындағы:
«Толғай толғай оқ атқан,
Он екі тұтам жай тартқан,
Тебінгісін тесе атқан..» деп суреттелетін мергендер осы асық ату арқылы дәлдікті үйренген батырлар болатын. Сол батырлардың мергендігін қалыптастырған, ептілік пен дәлдікті қажет ететін асық ату ойынына сынға түсуге қатысушылардың қатары көп болды.
Ересектер арасында мергендігі артықтау Мейрман Мендалиев үздік атанды. Ержан Өтеғалиев екінші және Ержан Мұжанов үшінші орынды қанжығалады. Жасөспірімдер арасында Бексұлтан Мендалиев көздегенін тигізіп, бірінші орынға ие болды. Әлихан Ыбырай екінші, Дінмұхаммед Боранбай үшінші орынды алды.
Жекелей сынға түскен спорттардың қатары осымен аяқтала келді. Енді жігіттердің бірлігі мен тұтастығын сынға алатын, оның үстіне күшін танытатын арқан тартудан сынға түсер сәт келді.

IMG-20241014-WA0050
Алдыңғы бір сында бөрліліктерге кеткен есені қайтарамыз деп арнайы «Көктеректен» команда келген еді. Жігіттердің дайындығы мен тактикасы мықты болды ма, уәделерінде тұрып, кеткен есені қайтарып, Ақсай қаласындағы дүбірлі додада арқан тарту сайысындағы бірінші жүлдені «Көктерек» командасы алды. «Бостандық 1» командасы екінші, Бөрлі ауданы командасы үшінші орынға табан тіреді.

IMG-20241014-WA0050
Азаматтарды сынайтын ойындардың түрлері өз мәресіне жетті. Енді ағайынның көңілі атшабар алаңына қарай ауды. Өйткені жал-құйрығы төгіліп, өзгеден ерек көрініп, ортаға арғымақтар шыққанды. Ағайынның есі аламанға, бәйге алудан үмітті тұлпарларға түсті. Жан-жақтан жиылған мықтылар тұяғымен жер тарпып, оқыранып тұрды. Осы сәтте жүректен жыр төгіліп:
Ағайынды атойлатқан аламан
Атқа шапқан қаршадай жас баланың
Көздерінен от ойнатқан аламан.

Бөрлі жерін дүбірлеткен аламан,
Ақсай төрін дірілдеткен аламан,
Бабалардың салтын сарқыт етумен,
Халықымды ғұмырлы еткен аламан.

Алыс-жақын топқа түкен аламан,
Арғымақтар отқа түскен аламан...,- деп өлең жазып үлгердік.

Құнан бәйгеден Құбайдулла Биғазиевтың аты үздік атанып, бәйге алды. Мәре сызығына екінші болып Нұрбек Сағымбаевтың тұлпары келсе, Ильяс Дүйсенбаевтың баптағаны үшінші келді.

IMG-20241014-WA0058
Топ бәйге тартысты өтті. Арғымақтар алға ұмтылып, қара жердің шаңын аспанға көтерді. Көптің қиқуымен жерлесіміз Ибрахим Махмудтың тұлпары топ жарды. Мансур Ануаровтың үкілеп қосқаны екінші, Мұратбек Мұхамбедиевтің тұлпары үшінші орынды қанжығалады.

IMG-20241014-WA0048

Ағайын асыға күткен аламан бәйгеден тайпақтақ Ертас Бисеновтың тұлпары қара үзіп, бірінші келді. Успендік Абат Абдрахмановтың үкілеп топқа қосқан тұлпары үмітті ақтап, екінші орынға табан тіреді. Тағы бір тайпақтық Мансур Семғалидың аты үздік үштікті толықтырды.

Мейрамбек Сыдықов
Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале