3.12.2025, 21:00
Оқылды: 46

Бөрліде жұмысшы мамандар форумы өтті

Бөрлі аудандық мәдениет үйінде «Ел болашағы – еңбек адамы» атты жұмысшы мамандар форумы өтті. Аталған форум жұмысшы мамандық иелерінің қоғамдағы мәртебесін көтеріп, еңбек адамын құрметтеп, еліміздің болашағы жастарға кәсіби бағдар беру мақсатында ұйымдастырылды. Сонымен қатар жұмысшы мамандар форумы еңбек адамының қазіргі қоғамымыздағы мәртебесін арттырып, кәсіби мамандардың тәжірибесін насихаттауға бағытталған маңызды шара.

фото

Аталған шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнінің орындалуымен басталды. Айтулы шараның ашылуында аудан әкімінің орынбасары Алтай Тоқжанов сөз сөйледі. Әрі қарай форумның спикерлеріне сөз беріліп, олар өздерінің еңбек жолдарын қалай қалыптастырғандары туралы баяндады.

Жұмысшы мамандар форумының спикерлері Бөрлі колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұргүл Лұқпанова «Кәсіптік білім – білікті маман болудың алғашқы баспалдағы», Бөрлі колледжінің «Электрмен қамтамасыз ету»мамандығының 4-курс студенті Денис Кузеченко «Білім, еңбек, табандылық – мақсатқа жеткізетін жол» тақырыбында сөз сөйледі. Ал АТК-нің түлегі, «CK-MEX сервис» ЖШС-нің дәнекерлеу жөніндегі инженер маманы Самат Мұсағалиев «Жұмысшы мамандықтар – ел экономикасының сенімді тірегі», «AK Salam Group» ЖШС-нің қызметкері, «САМАЛ» қонақ үй кешенінің директоры, HOREGA саласының сарапшысы Марина Майманова «Жұмыс берушілермен әлеуметтік серіктестікті дамыту – табысты еңбектің кепілі» атты тақырыптарды қозғады.

- Мен Денис Кузеченко Бөрлі колледжінің 2026 жылғы түлегімін. Ұлтым орыс болса да, жаным қазақ. Мен сіздерге жастардың өміріндегі еңбектің орны туралы айтқым келеді. Мен өмірімде бірнәрсені терең түсіндім. Еңбек - адамның өз қолымен салатын болашағы, еңбек - адамды өсіретін, адамды шыңдайтын, адамды адам ететін құдірет. Мен “Электрмен қамтамасыз ету” мамандығын таңдадым. Себебі жарық тек техникалық нәрсе емес, адамның маңдай тері мен еңбегінің нышаны. Сондықтан мен болашақта елімнің дамуына өз үлесімді қосуды армандаймын. Спортпен айналысуым да бекер емес. Спорт маған тәртіпті, шыдамдылықты, жеңіске деген жігерді үйретті. Еңбек біздің күшіміз, еңбек біздің қаруымыз, еңбек біздің болашағымыз. Қатарлас жастарға айтарым еңбектенуден жалықпаңыздар, адал еңбек етіңіздер, өздеріңізді дамытып, үйренуден жалықпаңыздар. Себебі білім еңбекпен бірге жүретін ең сенімді жолдас, - деді Денис өз сөзінде.

Әрі қарай кезекті спикеріміз жұмысшы мамандық иесі жалғастырды.

- Мен еңбек жолымды “Ақсайгазсервис” компаниясында бастадым. 16 жыл бойына дәнекерлеуші болып жұмыс жасадым. Кейіннен еңбекқорлығымның арқасында инженер қызметіне ауыстым. 2021 жылы Қарағандыдағы дәнекерлеу институтын бітіріп, халықаралық дәнекерлеу ісінің инженері димломын алдым. Елімізде көптеген өндіріс орындары салынуда, олар жұмысшы мамандық иелерінсіз жұмыс істей алмайды. Барлығымыз білетіндей өнеркәсіпке автоматтандыру, роботтар енгізілуде. Ал жұмысшы мамандық иелері осыларды қадағалап отыру үшін қажет. Жастарымызға қандай істе де жауапты болу керектігін айтқым келеді, - деп сөзін аяқтады “CK-MEX сервис» ЖШС-нің дәнекерлеу жөніндегі инженер маманы Самат Мұсағалиев.

Форум «Жыл үздігі – 2025» жастар жыйлығының салтанатты марапаттау рәсімімен жалғасты. «Жыл үздігі» жастар сыйлығы байқауы ауданымызда жыл сайын өткізіліп келеді. Биыл аталған байқау Жұмысшы мамандықтар жылы аясында түрлі салада еңбектеніп жүрген жастарымызды ынталандыру мақсатында ұйымдастырылды.

image-01-12-25-10-18-2

«Жыл үздігі – 2025» байқауының «Үздік еңбек ұжымының белсендісі» аталымы бойынша Альмира Қажым марапатталды. Альмира Ерғалиқызы жас ұстаз, Бөрлі колледжіндегі «Оян Қазақ» дебат клубының жетекшісі, жас маман қоғамдық жұмыстардың белсендісі, түрлі байқаулар мен іс-шаралардың ұйымдастырушысы. «Үздік жас дәнекерлеуші» аталымына Манас Аманкелсинов ие болды. Манас Махамбетұлы «Қарашығанақ Сервис» ЖШС-нің дәнекерлеушісі, білікті де жауапты қызметкер.

image-01-12-25-10-18-20

«Үздік жас кондитер» аталымын Салима Өтемұратова иеленді. Салима Есенжанқызы «Кондитер» мамандығы бойынша арнайы оқу курстарын аяқтап, «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысып, Бөрлі ауылында кондитерлік дүкен ашқан. «Үздік жас шаштараз» аталымына Айнұр Мырзабекова ие болды. Айнұр Сүндетқызы мыңнан аса шаш үлгілерін жасаған, жүзден аса қалыңдық образдарын дайындаған шаштараз. «Үздік жас өрт сөндіруші» аталымымен Ақсай қаласының №29 өрт сөндіру бөлімінің азаматтық қорғау сержанты Заманбек Кәрімов марапатталды. Заманбек Сәлімұлы жұмысына аса жауапты, адал қызметкер. Ол қоғамдық және спорттық шараларда да белсенді.

фото 6

«Үздік жас қолөнер шебері» аталымымен Айнагүл Амирова марапатталды. Айнагүл Қарасайқызы тігін ісімен 2018 жылы айналыса бастаған екен. Айнагүл отбасымен бірге «Шебер әке, өнерлі ана, еңбекқор бала» атты қолдан жасалған бүйымдар республикалық байқауының аудандық кезеңіне қатысып, жүлдегер атанған.

фото 3

«Үздік жас коммуналдық қызметкер» аталымына Василий Чернозубов ие болды. Ол «АқсайТазаСервис» ЖШС-де қоқыс тасушы көліктің жүргізушісі. Аталған марапаттарды аудан әкімінің орынбасары Алтай Серғазыұлы табыстады.

фото 4

Байқауда «Үздік жас аспаз» Индира Имашева атанды. Индира ««AK Salam Group» ЖШС-нің қызметкері, «Самал» қонақ үйінде аспаз. «Үздік жас электрик» аталымы Бекжан Уранғалиевке табысталды. Бекжан БҚИТУ-ін техник-электрик мамндығы бойынша тәмамдаған. 2020 жылдан бері аудандық электр торабында электржөндеуші қызметін атқарып келеді.

image-01-12-25-10-18-8

«Үздік қызмет көрсету саласы маманы» аталымын Зарина Хасанова иеленді. Зарина Зинурқызы еңбек жолын Ақсай қаласында еңбек терапиясы жөніндегі нұсқаушы болып бастап, 2023 жылдан бері Бөрлі ауылының арнайы арнаулы қызмет көрсету орталығында әлеуметтік қызметші болып жұмыс жасайды. «Үздік жас мобилограф» аталымы Бөрлі колледжінің «Мұнай және газды қайта өңдеу технологиясы» мамандығының 2-курс студенті Дильназ Мұқановаға табысталды. «Үздік жас ветеринар» Ерсұлтан Еркебай атанды. Ерсұлтан Сейілханұлы аудандық ветеринариялық станциясының ветеринар дәрігері.

image-01-12-25-10-18-12

«Үздік жас кәсіпкер» аталымына Аида Мамбеталиева ие болды. Аида Жолдығалиқызы 2024 жылы «Аида Мамбетали» сұлулық орталығының негізін қалап, 8 маманды жұмыспен қамтып отыр. «Үздік жас орманшы» аталымына Максим Феськин ие болды. Максим Романович Бөрлі колледжінің «Орман шаруашылығы» мамандығын аяқтап, бүгінде аудандық «Орман және жануарлар дүниесін қорғау» мемлекеттік мекемесінде орманшы қызметін атқарады.

Ел болашағы - еңбек адамы

«Үздік жас байланыс операторы» аталымы Айгерім Ашироваға табысталды. Айгерім Нұрланқызы «Қазпошта» акционерлік қоғамының байланыс операторы. Ол төлемдерді қабылдап, автоматтандырылмаған бөлімшелер бойынша аударымдар жасап,сәлемдеме, зейнетақыларды аудару, байланыс операторларына практикалық қызмет көрсету жұмыстарын атқарады. Марапат иелерін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әли Бектұрғанов марапаттады.

Әрі қарай шара аудандық демалу орталығының көркемөнерпаздарының концертімен жалғасты.

                                        Айдана Абдрахманова

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале