16.08.2023, 13:00
Оқылды: 49

Бөрліде жыл басталғалы 36 өрт оқиғасы тіркелген

Биылғы жаз айларындағы өрт қауіпі жылдағыдан артық болмаса кем болған жоқ. Осы бір тілсіз жаудың күн қызған сайын ана жер-мына жерден бой көрсететіні қиын ақ. Болмашы нәрседен тұтанатын дала өртінің өзі тез ауыздықтамаса біраз зиянын тигізіп үлгереді. Жалпы өрт оқиғаларының басым бөлігі адамдардың салғырттығынан, не жауапкершілігі төмендіктен, нақтырақ айтқанда қауіпсіздік техникалары ережелерін сақтамағандықтан болады екен.

Өткен айдың басында Бөрлі ауданының «Достық» ауылында қоқыс полигоны өртенді. Қатты ыстықтан полигондағы заттардың бірі қызды ма екен, әлде біреудің темекі тұқылынан тұтанып кетті ме екен. Кім білсін. Бастысы өрт дер кезінде ауыздықтанған. Ақсай қаласындағы ерікті өрт сөндіру құрамасы дер кезінде көмеккке келіп, ауылдағы өрт сөндірушілер құрамасымен бірлесе отырып өртті сөндірген. Бұндай жағдай қайталанса, өрт жайылып кетпес үшін  полигонның жерін айналдыра жыртып тастаған. Артынша Ақбұлақ, Кеңтүбек ауылдық округтерінде дала өрті орын алған.

111

Ауылдық округтердің ерікті өрт сөндіру құрамасы мен еріктілердің күшімен өрт көп кешікпей сөндірілген. Ақбұлақ ауылының еріктілеріне көршілес Ақсу ауылының еріктілері көмекке келген. Осынау ауызбіршіліктің арқасында жер жыртылып, өрттің жайылу мүмкіндігі жойылған. Бір қарағанда бұл бір өрт қауіпсіздігі бойынша есеп қана сияқты. Бірақ бұл жанқиярлық жұмыс. Ал осы жұмыстың басы-қасында «Сұңқар-Ақсай» қоғамдық бірлестігінің ерікті өрт сөндірушілер құрамасы жүргенін де айта кеткен жөн. Өйткені бұл ұйымның ерікті өрт сөндіру құрамасымен қызмет көрсетуге үш жылдық келісімшарты бар. Олар бұл бағытта 2021 жылдан бастап жұмыс жасап келеді.

Ауыл әкімі айтады

- Дала өрті басталғанда бірден барлық күш сөндіруге жұмылдырылады. Әрине, бұл дұрыс. Дегенмен өрт басталған жердің қожасына кейде хабар өте кеш тиеді. Ол менің жерімнің өртеніп, сөндірілгенін мен неге кейін естідім деп реніш блдіріп те жатады. Жаз шығысымен дала өртінің алдын алуға тырысып, түрлі профилактикалық жұмыстар жүргіземіз. Айтудай айтып, ескертіп жатамыз. Бірақ әркімнің өз жұмысы бар. Олар да шаруаларының уақытында, тез біткенін қалайды. Мысалы, қазір шөп шабу науқаны қызып тұр. Біз оларға жұмысын кешкі салқынмен жасауға кеңес береміз. Өйткені біздің ауылдың жері тастақтау. Мүмкін техника тасқа жиі шағылысып қызатын шығар. Сосын техника жүргізуге әр жақтан түрлі адамды жалдап алып келіп жатады. Солардан темекі тұқылы түсіп қалатын шығар. Бұлардың бәрі жорамал болғанмен, жаны бар сөз ғой. Өрт негізінде табиғат апаты болып саналады. Бірақ бұлай деу адамдарды жауапкершіліктен құтқармаса керек, – деп реніш білдіре сөйлеген Ақбұлақ ауылдық округінің әкімі Ерлан Болатұлын да түсінуге болатын шығар.

Өйткені бір Ақұлақ окугінің аумағында осы жазда даладағы шөп 3-4 рет жанған.

36 өрт оқиғасы

Жалпы ауданда өрт сөндіру бөлімі жетеу. Оған қоса үш өрт сөндіру посты жұмыс жасайды. Ал әрбір ауылдық оқругтің өз ерікті өрт сөндіру құрамалары бар. Аталған өрт сөндіру мекемелерінің барлығын қоса есептегенде 109 қызметкер жұмыс жасайды. 26 арнайы техника сақадай сай тұр деуге болар еді. Бірақ апат айтып келмейді. Сондықтан төтеншеліктер «қандай жағдайға да дайын отырған аз» деп санайды.

- «Сақтансаң сақтаймын» дегендей өрт қауіпсіздігі бойынша профилактикалық жұмысты жыл он екі ай бойынша жүргіземіз. Жоғарыда аталғандарға қоса Бөрлі мемлекеттік орман және жан-жануарларды қорғау мекемесіндегі өрт сөндіру-химиялық станциясы да қалыпты жұмыс жасайды. Соған қарамастан биыл 36 өрт оқиғасы тіркелді.

222

Жалпы даланың өздігінен жануы күн қатты ысығанда жиі кездесетін жағдай. Оның көлемі 50 гектардан асқан жағдайда ғана дала өрті ретінде жүктеледі. Бір жақсысы биыл үлкен дала өрті тіркелген жоқ. Дала жануларын дер кезінде сөндіріп үлгеріп отырдық. Бұл дала жануларының жалпы саны 35, көлемі 209 га құрайды. Ақсай қаласында орын алған өрттердің жалпы тіркелген шығыны: 2030000 теңге, - дейді аудандық ТЖ жағдайлар бөлімінің бастығы Қайрат Жұмағалиев.

Қылтимадан шыққан өрт

Жақында аудан орталығы Ақсай қаласының 5-шағын ауданында өрт шыққанын естіп-білдік. Көпқабатты үйдің 6 қабатының балконынан лапылдап жанып жатқан өрттің видосы тарады. Өрт сөндірушілер шұғыл жетіп, тілсіз жау ауыздықталған. 30 шаршы метрді қамтыған өрттің шығу себептері анықталу үстінде екен. Бір білгеніміз үйде адамдар болған.

 - Өрт шыққаны жайлы хабар түсісімен біріншілердің қатарында оқиға орнына жеттік. Балконнан басталған өрт алдын ала болжам бойынша байқаусызда жоғарыдан немесе басқа жақтан түсіп кеткен жағылған сіріңке немесе сөндірілмеген темекі тұқылынан болуы мүмкін, - дейді аудандық ТЖ жағдайлар бөлімінің бастығы Қайрат Жұмағалиев.

Өйткені балконда электр сымдары не тез тұтанатын жанғыш заттар анықталмаған. Балконы жанған үймен қоса көршілері де біршама материалдық зиян көргеніне қарамастан, бір қуаныштысы, әйтеуір адамдар аман.

Жалпы дала болсын, қала болсын, өрт оқиғаларының материалдық, моралдық зардаптары орасан. Өйткені өрт өкінішсіз болмайды. Оның себеп - салдарын тиісті орындарға қалдырып,  жанғыш  заттарға, тез тұтанғыш заттарға мұқият болып, әрбір іс-әрекетімізге жауапкершілікпен қарайық дегім келген.

Дариға Нұрашова,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале