Бөрлі ауданы Ақсай қаласында «Ашық әкімдік» шарасы өтті. Мәдениет үйінде өткен шараға аудан тұрғындары келіп, өз сауалдарына жауап алды. Ашық әкімдікте 20-дан астам мемлекеттік, коммуналдық мекемелер мен құқық қорғау органдарының мамандары, аудан және қала әкімдері қабылдау жүргізіп, тұрғындардың ұсыныс-тілектеріне құлақ асты.
Бұқара кеңсе табалдырығын тоздырмай, лауазымды тұлғаға өз сауалдарын төтесінен қойды. Бұл өз кезегінде бүгінгі биліктің ашық, жариялы және қолжетімді екендігін білдіреді. Тұрғындарды қабылдаған аудан әкімі Миржан Сатқанов кейбір сұрақтардың сол жерде шешілуіне ықпал етті. Сондай-ақ егжей-тегжейлі қарауды және нақты шешімдерді талап ететін өтініштер жауапты тұлғалардың бақылауына алынды.
«Ашық әкімдік» - халықпен іс-әрекет етудің жаңа және тиімді түрі. Әкімдік қызметінің мұндай жаңа бағытта жұмыс істеуі ауданымызда 2017 жылдан бастап іске асып келеді.
"Ашық әкімдік" шарасында тұрғын үй мен жер мәселесі, жер учаскесі мен баспана кезегі, халықтың тұрмысын көтеру үшін жасалып жатқан мемлекеттік бағдарламалар және материалдық көмек туралы сұрақтарын қойды.
Алдын ала жазылусыз, еш жерге тіркелмей көкейдегі сауалын төтесінен қойған тұрғындар арыз-шағымдарының тез шешілгендігіне риза. Халық пен билік арасын жақындататын шараны аудан басшылығы жиі ұйымдастыруды көздеп отыр.
Айым Ғабділбарқызы,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz