Бүгінде ауылдық аумақтардың тұрақты дамуы – қазіргі заманның басты күн тәртібіндегі мәселелердің бірі. Сонымен бірге азық-түлік қауіпсіздігі де басты назарда. Сондықтан да Батыс Қазақстан облысында жүзеге асырылып жатқан «Batys AgroHub» жобасы осы бағытта қолға алынған нақты шешімдердің бірі десе болады. Бұл бастама КПО б.в. консорциумының акционерлері – «Shell Қазақстан» және «Eni» компанияларының қолдауымен іске асырылып отыр.

Өткен 2024 жылы аталған жобаның аясында Бөрлі, Ақсу, Аралтал, Пугачев және Пепел ауылдарының он тұрғыны жылыжай шаруашылығын дамыту үшін қайтарымсыз гранттар алған болатын. Жобаның басты мақсаты – ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік белсенділігін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу. Сондай-ақ, заманауи агротехнологияларды енгізу арқылы ауыл экономикасына «қан жүгірту», яғни жандандыру.

Нақтырақ айтқанда, осы кезге дейін 10 жеке жылыжай салынды. Оның ішінде 6 жылыжай иесі қияр өсіруді қолға алса, қалған 4 жобаға қатысушы көшет отырғызу кезеңін бастап жатыр.
Сонымен бірге жоба аясында қатысушылар тек қаржылай қолдау алып, көшет өсірмейді. Олар маркетинг, агробизнес, экономика және өсімдік шаруашылығы бойынша кешенді білім алады. Сөйтіп, өнімді өсіруден бастап, оны тиімді өткізуге дейінгі әрбір қадамды жоспарлауды меңгеріп, тұрақты тұтынушы базасын қалыптастыруды үйренуде.

Жылыжай шаруашылығын дамыту – бұл тек жаңа технология емес, бұл ауыл тұрғындары үшін экономикалық дербестікке, тұрақты табысқа және қауымдастықтың жалпы әл-ауқатының артуына апаратын тікелей жол деп бағалануда.
Дариға Нұрашова,
Бөрлі ауданы