16.07.2024, 17:00
Оқылды: 234

Бөрлілік Ақалқа Баймұханова ел чемпионатында жүлдегер атанды

Бөрлі ауданы – спортшыларымен елімізге және әлемге танымал екені белгілі. Ал осы спортшылардың қатарында ардагерлердің де бар екенін бірі білсе, бірі білмейді.

A4371FAD-DC96-4F3C-9200-B84D4100C894

5-7 шілде аралығында Алматы қаласындағы «Алматы» олимпиадалық даярлау орталығында ардагерлер және жеңіл атлетика әуесқойлары арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті.

Чемпионатқа еліміздің барлық облыстарынан және Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан 200-ден аса спортшы қатысқан. Айта кететіні, бұл жарыста 18-ден 80 жасқа дейінгі және одан жоғары жастағыларда бақ сынапты. ҚР-ның чемпионаты ұзындыққа, биіктікке, үш қарғып секіру және ядро, найза, диск, балға, салмақ лақтыру кезеңдерінен тұрған.

Чемпионатқа 60-64 жас ерекшелігі бойынша ауданымыздың ардагер спортшысы Ақалқа Баймұханова қатысты. Ел чемпионатының қорытындысы бойынша бөрлілік спортшы 400 м қашықтыққа жүгіру, ұзындыққа секіру және найза лақтыру кезеңдерінен І орын, ал ядро лақтырудан ІІ орынды иеленіп, жеңіс тұғырынан көрінді.

Зейнеткер бұдан бөлек басқа да еліміздің және шетелдік жарыстарға қатысып, бағын сынап, жүлделі орындармен оралған.

Ардагер спортшы негізінен кішкентай кезінен бастап спортпен айналысады. Тұрмыс құрғаннан кейін көп уақыт бойына айналыспаған спортты 2019 жылы қайта қолына алыпты. Ол жүгіруден бөлек йога және шығыс биімен айналысып, велосипед теуіп, баскетбол, волейбол ойнап, бассейнге барады.

Сонымен қатар шаңғы және конькиде тебеді. Қысқасы, спорттың қай түрі болса да, зейнеткер апа бәрімен де айналысуға уақыт табады.

– Мен бала кезімнен спортпен айналысамын. Біраз уақыт айналыспай кеткен кезімде өміріме бірдеңенің жетпей тұрғанын сездім. Бірақ араға біршама уақыт салып, өмірдегі серігіме қайта оралдым. Менің денсаулығымның бірқалыпты болуының себебі – осы спорттың арқасы. Спорт мені тәртіпке үйретті. Мен қандай жарыс болсын, елімізде немесе басқа елде болса да қалмауға тырысамын. Жүгірудің арқасында бойыма күш-жігер жинаймын. Осындай жарыстар маған мотивация береді, - дейді спортшы Ақалқа.

Ақалқа апа – еліміздің және Ресей, Филиппин елдеріндегі жарыстардың жүлдегері. Спортты жақсы көретін, біраз жасқа келсе де ауданымыздың, облысымыздың және еліміздің атын шығарып жүрген ардагер спортшымызға жеңісті күндеріңіз көп болсын дейміз.

Айдана Абдрахманова

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале