8.03.2025, 12:21
Оқылды: 328

Бөрлілік арулар қуанышқа бөленді

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай Бөрлі ауданы әкімі Еркебұлан Ихсанов және аудандық мәслихат төрағасы Қайрат Ермекбаев аудандық мәдениет үйінде әртүрлі салада еңбек етіп жүрген әйелдер қауымымен кездесті.

image-07-03-25-10-56-6

Кездесуге жиналғандар арасында диспетчер, ұстаз, тігінші, кіші медициналық қызметкер, қойма меңгерушісі, наубайханашы, жеке кәсіпкер, сатушы, кіші техникалық қызметкер, фельдшер және тағы басқа қызметтерді атқаратын арулар бар.
Кездесуде аудан басшысы нәзік жандыларды көктемнің алғашқы мерекесімен құттықтап, сөз сөйледі.

image-07-03-25-10-56-3
- Ардақты аналар, апа-қарындастар айтулы мереке 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында сіздермен жүздескеніме қуаныштымын. Баршаңызды мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Сіздердің ауданымыздың көркеюі жолында аянбай еңбек етіп, әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан өлшеусіз ерен еңбектеріңіз үшін зор ризашылығымды білдіремін. Сіздер күнделікті қажырлы еңбектеріңізбен, ер азаматтармен қатар еңбекке белсене араласып, қандай қиындық болса да мойымай, ауырлықты көтере білетін қайсарлықтарыңызды дәлелдеп келесіздер. Өздеріңіз сияқты адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуға лайықты. Еңбек адамының мәртебесі, еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер, өз кәсібін жетік меңгерген мамандар өте жоғары бағалануға тиіс, - деп аудан әкімі кездесуге жиналған әйелдер қауымын мерекемен құттықтады.
Мерекелік жиында арулар өздерін таныстырып, атқарып жатырған жұмыстары туралы айтып, мерекемен құттықтағандары үшін аудан басшылығына алғыстарын білдірді.
- Мен Бөрлі ауданына 2009 жылы келіп, сол жылдан бері тігінші болып жұмыс жасаймын. 16 жылдан бері Ақсай қаласының №5 «Ертегі» бөбекжайында кішкентай ұлдар мен қыздарға әдемі көйлек, костюмдер тігемін. Мен кішкентайымнан әжем мен анамның тіккендерін көріп өстім. Содан менің де қызығушылығым оянып, өзім де үйреніп, кейіннен оқып, жұмысқа орналастым. Балабақшада біздің жеке бөлмеміз бар, онда балалардың барлық киімдері ілініп тұрады. Біздің еңбегімізді елеп, мерекемен құттықтап жатқан аудан басшысына алғысымды білдіремін. Барлық аруларды Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтаймын. Ең бастысы деніміз сау, аспанымыз ашық, еліміз тыныш болсын, - дейді жиын қатысушысы Наталья Черкесова.

image-07-03-25-10-56-1
Кездесу соңында аудан басшысы Еркебұлан Нұретдинұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Қайрат Төлегенұлы аруларға гүл шоқтары мен арнайы сыйлықтар табыс етіп, әйелдер қауымымен естелік суретке түсті.

image-07-03-25-10-28-3
Әрі қарай кездесу «Әйел ана, әйел дана» атты салтанатты мерекелік концертімен жалғасты. Салтанатты кеште аудан басшысы Жұмысшы мамандықтар жылына орай ауданымызда аянбай еңбек етіп жүрген бірқатар белсенді нәзік жандыларды алғысхат және гүл шоғымен марапаттады.

image-07-03-25-10-23-6
Концерт аудандық демалу орталығы жігіттерінің әзірлеген «Аруларға арнау» композициясымен ашылды. Кеш барысында нәзік жандыларға арналған неше түрлі әндер орындалды. Аруларға арналған тосын сыйдың бірі қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары «Заман» тобының мерекелік кешке келуі болды. «Заман» тобы өздерінің репертуарларындағы «Қарақат көзің», «Менің жолым», «Сені сүйем» атты әндерін орындады. Мерекелік кеш аудандық демалу орталығы жігіттерінің орындауындағы композитор Ескендір Хасанғалиевтің шоқтығы биік «Анаға сәлем» әнімен аяқталып, концерт қарауға жиналған нәзік жандыларға гүл шоқтары таратылды.

image-07-03-25-10-23-14
Айдана Абдрахманова
Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале