23.07.2024, 16:30
Оқылды: 308

Бөрлілік Азария Хамидуллина Әлем кубогында жеңіске жетті

Жақында ауданымызға сүйінші хабар келіп жетті. Тоғызқұмалақтан ауданның аға жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Сайлан Матылов Азарияның Әлем кубогына қатысып, жеңіске жеткенін хабарлады.

FC49C2AD-57F0-4BD3-BC9E-6E1BD81213ED

11-19 шілде аралығында Чехияның Пардубице қаласында тоғызқұмалақтан көру және тірек-қимыл аппараты зақымданған ерлер мен әйелдер арасында Әлем кубогы өтті. Жарысты Дүниежүзілік тоғызқұмалақ және Чехия Манкала Федерациялары Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын қолдау аясында ұйымдастырыпты.

Оған 11 елден 130-ға жуық тоғызқұмалақшы қатысқан. Жарысқа Германия, Чехия, Латвия, Польша, Колумбия, Италия, АҚШ, Румыния, Түркия, Австрия, Украина, Венгрия, Қырғызстан және Қазақстан елдерінің спортшылары қатысып, өзара кім мықтыны анықтаған.

F7FFDCE4-9437-412D-B534-97B30F3937E2

Әлем кубогының бас демеушісі – Kazpetrol Group компаниясы. Бұл жарысқа аудандық балалар жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі Азария Хамидуллина да қатысты.

14 жастағы бөрлілік тоғызқұмалақшы әлемдік жарысқа қатысқандардың арасында ең кішісі болған екен. Дегенмен жасына қарамастан 7 кезең ойын өткізіп, қарсыластарын шаң қаптырды.

Азария тоғызқұмалақтан Әлем кубогының классика түрі бойынша чемпионы атанды. Бес дүркін Қазақстан чемпионы, спорт шебері Азария осы жарыста халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындаған.

– Сәуір айының 1-10 аралығында Қарағанды қаласында іріктеу ойындары өткен еді. Азария сол жарыста жеңімпаз атанып, осы Әлем кубогы кезеңіне жолдама алды. Биыл Қазақстанның және Әлем кубогының чемпионы атанды. Бұл Азарияның ең бірінші әлемдік жарысы. Ендігі мақсат – келесі жылы өтетін Азия және Әлем чемпионаттарына қатысу. Алдағы уақытта аталған чемпионаттарға іріктеу ойындары өтеді. Енді біз соған дайындаламыз. Біздің елімізде ішкі бәсеке өте мықты. Әрқашан тартысты өтеді. Осы ішкі іріктеуді жеңсек, Азия және Әлем чемпионаттарына жолдама аламыз, - дейді Азарияның бапкері Сайлан Арматұлы.

F5FD1778-AD35-4D8C-8B42-0E94A33D837C

Облыс, аудан мақтанышы, еліміздің атын әлем додасында шығарған Азарияны Мәншүк Маметова атындағы әуежайда сыныптастары, ата-анасы, бауырлары, тума-туыстары, достары және БҚО жаттықтырушылары да күтіп алып, құрмет көрсетті.

Азария – облысымыздағы ең үздік, мықты ойыншылардың бірі. Ұлттық ойынның жанашыры қазіргі таңда облыстық шәкіртақының иегері. Ауданымыздан шыққан тұңғыш спорт шебері болашақта жаттықтырушысының жолын қуып, шәкірт дайындап, тоғызқұмалақтың ары қарай дамуына атсалысқысы келеді екен.

Айдана Абдрахманова

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале