Бөрлі ауданында алғаш рет медицина қызметкерлері арасында «Қазақ аруы - 2024» байқауы ұйымдастырылды. Аталған шара салт-дәстүрімізді насихаттау, арулардың біз білмейтін қабілеттерін ашу мақсатында өтті.
Бұл сайысқа аудандық аурухана қыздарының арасынан тек бес ару ғана батылдық танытып, қатысты. Арулар «Мен қазақтың қызымын», «Дәстүрден тағылым», «Қыз еркем – өнерімен көркем» және «Сұлулық әлемі» атты төрт кезең бойынша бақ сынады.
Байқау әділқазыларының құрамында аудан әкімінің орынбасары Алтай Тоқжанов, ауданның құрметті азаматы, ақсақалдар кеңесінің төрағасы, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Әли Бектұрғанов, аудандық аурухананың директоры Алтынай Баймұратова және аудандық аурухананың бас экономисті Жайнагүл Үмбеталиевалар болды.
Байқауға №1 отбасы денсаулық орталығының медбикесі Милана Салимова, тіркеу бөлімі, клиника-диагностикалық зертхана, профилактика бөлімінің акушері Айтолқын Какимова, аудандық стационар медбикесі Альбина Бисенғұлова, №2 Отбасы денсаулық орталығының медбикесі Айнара Сапашева және №3 отбасы орталығының фельдшері Малика Вахитовалар қатысты.
- Бүгінгі сайысты ұйымдастырушы кәсіподақ комитеті Майра Сағынғалиқызы мен бас медбике Лаура Мәмбетқызына алғысымды білдіремін. Сайыстың аты сайыс. Ешкімді бөліп жармаймыз. Біз күнделікті халат, костюмдерімен көретін қыздарымыз бүгін ұлттық киіммен әп-әдемі болып шығып тұр. Жұмысымыздың ауырлығына қарамастан бүгін осындай жарысты керемет өткізуге атсалысқандарыңызға ризамын, - деді аудандық аурухананың директоры Алтынай Кеңесбайқызы.
Байқау қорытындысы бойынша ІІІ орынды Малика Уахитова мен Альбина Бисенғұлова өзара бөлісті. Ал Айнара Сапашева ІІ орынға, Милана Салимова І орынға ие болды. Ал бас жүлде иеленіп, медицина қызметкерлері арасында 2024 жылғы «Қазақ аруы» Айтолқын Какимова атанды. Қатысушылардың бәрі де диплом, гүл шоқтары және арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Айдана Абдрахманова,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz