30.07.2024, 17:00
Оқылды: 9

Бөрлілік Нұрсұлтан Тәжғалиев садақ атудан ересектер арасындағы біріншілікте жүлдегер атанды

Садақ ату – ұлттық спорт түрлерінің бірі. Қазіргі таңда бұл ұлттық спорт түрі әлемдік деңгейде де мойындалған. Халқымыздың тарихында садақты жанына серік етіп, құралайды көзге атқан мергендер көп. Бүгінде спорттың бұл түрі әлемнің 140 елінде көрініс тапқан.

DE2B1A90-F18F-46B6-A6B1-96791B802D88

Садақ ату – көп күшті қажет ететін, соңғы жебеге дейін жалғасатын жарыс. 2021 жылы дәстүрлі спорт түрі ретінде бекітілген садақ атудан елімізде неше түрлі жарыстар өткізіліп тұрады.

8-13 қыркүйек аралығында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қолдау көрсету мақсатында Қаратөбе ауданында дәстүрлі садақ атудан ересектер арасында ашық біріншілік өтті.

Аталмыш біріншіліктің қатысушылары «Пұта», «Қалқан», «Жамбы» нысаналары бойынша бақтарын сынаған. Жарысқа Бөрлі, Бәйтерек, Жәнібек, Сырым, Жаңақала және Қаратөбе аудандарының садақшылары қатысыпты. Оған Бөрлі ауданының атынан Нұрсұлтан Тәжғалиев қатысып, жүлделі оралған.

Атап өтсек, дәстүрлі садақ атудан пұта нысанасы бойынша 70 метр қашықтықта ІІ орынды, ал жамбы нысанасы бойынша 30 метр қашықтықта І орынға ие болып, жеңімпаз атанған.

5E19D650-98CB-41C3-9A15-C96C0CCEBB64

Нұрсұлтанның дәстүрлі садақ атумен айналысып жүргеніне 2 жылдай уақыт болып қалыпты. Дегенмен осы уақыт аралығында неше түрлі аудандық, облыстық, республикалық жарыстарға қатысып, жүлделі оралған.

– Жарысқа облысымыздың түкпір-түпкірінен садақшылар келді. Осындай жоғары деңгейдегі байқауды ұйымдастырып, қатысушыларға құрмет көрсеткен Қаратөбе ауданының әкімшілігі мен аудандық дене шынықтыру және спорт бөліміне алғысым шексіз. Дәстүрлі садақ ату өнерін дәріптеп, осындай деңгейге көтеріп жатқан жандарға ризамын. Қаратөбеде өткен жарыста ауа райы жел болды. Желдің себебінен жебенің ұшу бағыты өзгереді. Соған қарамастан садақшылар нысананы дәл көздей білуі тиіс. Бұл жарысқа әр ауданның мен-мен деген мықтылары қатысты. Осындай жарыстардың және талмай еңбектенудің арқасында облысымыздың садақшыларының деңгейі көтеріліп, техникалары мен нәтижелері жақсаруда. Болашақта облысымыздың садақшылары еліміздің ұлттық құрамсына енеді деген үміттемін, - дейді ұлттық спорттың жанашыры Нұрсұлтан Тәжғалиев.

20A6421A-A791-4613-9C81-361D5A446644

Қазіргі уақытта кейіпкеріміз қаламыздан «Дәлдік аймағы» атты орталық ашып отыр. Орталыққа 8-50 жас арасындағы садақ атуды жақсы көретін жандар баруда. Ол қазір шәкірт тәрбиелеу үстінде. Алдағы уақытта шәкірттерінде жарыстарға қатыстырғысы келеді.

Алдағы уақытта ел чемпионатына облыстық іріктеу өтеді екен. Оған ауданымыздан 5 ұл 2 қыз қатысады. Жеңген команда ел чемпионатына жолдама алады. Кейіпкеріміз де осы сынға дайындық үстінде.

Нұрсұлтан Тәжғалиев Қырғызстан еліне барып, халықаралық жарысқа да қатысып келіпті. Жарыс нәтижесі бойынша төрттікке кірген. Қазіргі уақытта ол спорт шеберіне үміткер. Сонымен қатар кейіпкеріміз облыстық садақ ату жарыстарындағы төрешілер құрамының мүшесі.

Айдана Абдрахманова

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале