14.03.2022, 11:20
Оқылды: 51

Босағадан аттады «Амал» келіп, мен қуандым өзіңді аман көріп!

 Танысып қоялық, бұл — Нұрислам Талғатұлы. Ол алты жаста. Подстепный №1 жоғары орта білім беретін  мектебіндегі даярлық «г» тобында оқиды. Сабақтан қолы қалт еткенде есеп шығарып, сурет салғанды жаны сүйеді. Болашақта полиция қызметкері болсам деп армандайды. Науырздың 14-і күнін, яғни Көрісу айтты Нұрислам сағынышпен асыға күтеді. Өйткені, оның сүйікті мерекесі.

IMG-20220311-WA0041

-Көрісу күнін ерекше жақсы көремін. Бұл күні үлкен-кіші өте көңілді, жайдарлы жүреді. Қуанып, тілек тілейді. Бәрінен бұрын бауырсаққа, тәтті кәмпиттерге тоямыз. Достарымызбен үй-үйді аралап шығамыз. Керемет қой, ә?! Бұл мерекені тек біздің халық тойлай ма екен, а? О-о! Мен мұны көрші Оразбай атадан сұрап келейін.

-Ассалаумағалейкум, Оразбай ата!

-Уағалейкумассалам, Нұрислам!

-Ата, бір жасыңызбен!

-Жасың құтты болсын, балам! Кел, төрге шық. Раяна, қызым, сен де келе ғой. Мен бұл күннің мән-мағынасын айтайын. Тек қазақ халқы атап өтетін айрықша мерекені әркез естеріңізге сақтап, достарына да айта жүргейсіздер, құлындарым!

-Жалпы, көрісу — қазақ елінің батыс аймағында кең таралған мереке. Оны «Көрісу айт», «Көрісу амалы» деп те жатады. Негізінен, ұлттық нақыштағы жаңа жылдың бастауы ретінде қабылданады. Наурыз айының 14-іне тура келеді. Бірақ бір ғана күнмен шектеледі деген сөз емес.

Көрісу — ең ізгі мерекелердің бірі. Бұл күні жақын-туыстар бір бірін іздеп, қонаққа барып, жаңа жылдың келуімен құттықтайды. Әсіресе, қариясы бар үйлерге жастар, балалары сәлем бере барады. Қыстан аман-есен шығып, жаңа жылда бас қосқан жұрт өзара ақ ниеттерін жаудырады. Осы мерекеге орай «Жасың құтты болсын!», «Бір жасыңмен!» деген тілектер жиі айтылады. Таңертеңнен бастап үлкен-кішіге мерекелік көңіл күй анық сезіліп тұрады. Бала кезімізден үйдегі үлкендер ерте оятып, көрші-көлемге, жақын-туысқа көрісіп келуге жіберетіні есімізде. Барған үйдің ата-әже, аға-апалары саған батасын беріп, тәтті дәмнен ұсынады. Осының бәрі — елді ынтымақ, бірлікке, тәртіпке шақыратын амалдар.

Көрісудің басты белгісінің бірі ретінде: адамдар өзара қос қолын ұсынып, содан кейін төс түйістіре құшақтасып амандасады. Ел ішінде келіспеушілік пен түсініспеушілік орын алған болса, осынау мейрам күні жойылады деген сенім бар. Яғни өкпе-реніш атаулы түгел тарқап, кешірім үстемдік құрады. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», «Өкпешіл болма, кешірімшіл бол», «Кең болсаң, кем болмайсың» деген қазақтың мақал-мәтелдері көрісу айты сынды ұстанымдардан қалыптасқанына сенесің. Өйткені наурыздың осы күндері бүкіл дүние жайнап, жадырап тұрады. Бұл — өмірге жаңаша қарауға шақыратын, алдағы күндерден тек қана үміт күтіп, көктемнің келуімен көңіл жайланатын мезгіл.

Көрісу айты туралы кең тарқата әңгімелеп жүру, оны атап өту ауқымын кеңейте түскеніміз дұрыс деп ойлаймыз. Адам баласының жүрегіне сезім, көңілінде сәуле байытатын мұндай мерекелердің берері мол, балапандарым!

WhatsApp Image 2022-03-14 at 11.02.45

-Түсіндік, ата!

-Ал, балам, Нұрислам, мына кітаптағы өлеңді жаттап аларсың, саған бердім!

-Рақмет, ата! Сау болыңыз!

Көрші атам берген кітаптағы өлеңді оқып, жаттап жүрейін. Бұл өлеңді  Құдайберлі Мырзабек ағамыз жазған екен.

Босағадан аттады «Амал» келіп,

Мен қуандым өзіңді аман көріп.

Кел, қанекей, жақсылап көрісейік,

Достығымыз көрінсін қамал болып.

 

Тазаланып, тұрғандай мінәжатқа,

Келтірейік көңілді қырағатқа.

«Кешір!» дейік біріміз бірімізге,

Өкпе-назды өртейік ұран-отқа.

 

Аз ғұмырда адаспай, теріс өріп,

Көктен жауған ырысты бөліселік.

Жақсымызға басқалар жұғыссын деп,

Келші қане, екеуміз көріселік.

  Самал Жамет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале