Биыл Казталов ауданына қарасты Бостандық ауылында ауқымды істер қолға алынып, дамып келеді. Округ орталығындағы 3,1 шақырым болатын Т.Рысқұлов, Е.Аязбаев, Ю.Гагарин, ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл және Жаңа Қоныс көшелеріне асфальт төсеу жұмысы жүргізіліп жатыр.
Сурет сайт архивінен / zhaikpress.kz
Қазіргі таңда қара жабынды төсеу жұмыстары Т.Рысқұлов көшесінде жүргізілуде. Ауыл тұрғындары үшін маңызды ішкі жолдардың жөндеу жұмыстарына 425,1 млн теңге қаражат бөлінген.
Құрылыс жұмысына жауапты мердігер «Жайық Сити» ЖШС ауыл тұрғындарынан екі адамды жұмысқа тартып отыр. Ауыл әкімі Ербол Сақауов жолдың сапасы мен құрылыс барысын жіті қадағалап, бақылауында ұстап отыр.
Жол жөндеу жұмысына жауапты мердігер ауыл тұрғындарын жол көлік қозғалысына дайын болғанға дейін күтуге шақырып, түсіністік танытуларын сұрады.
Бірнеше жылдан бері жол салуды сұрап жүрген жергілікті тұрғындар ризашылығын білдіріп, алғыс айтты.
Мейірім Парасат
Казталов ауданы