Әлеуметтік желіде, қоғамдық орындарда қала көшелеріндегі аялдамалардың жаңартылып, өзгеше сәнденгенін айтып, көңілі марқайып жатқан тұрындарды көп кездестірдік. Тың бастаманы аудан халқының бір адамдай қолдап, жылы пікір білдіріп жатыр. Ақсай жан-жақтан жиналған жандарды бір арнаға тоғыстырған қала екені барлығымызға білгілі. Содан шығар көбіне пікір алуандығынан тұрғындар ойы қабыспай жатады. Дегенмен осы аялдамалардың жаңа келбеті мен тыңнан түрен салынған дизайны көпшіліне ұнағаны көңілге көктем орнатты. Халық жақсы пікір айтқан бұл жобаның ойы мен негізі қайда, кімде жатқанын білу үшін аз-кем қалам тербеп көрдік.
Көкейдегі жобаға ой тастаған кім деген сауалымыз бізді аудан әкімі Еркебұлан Ихсановқа тіреді. Сөйтсек жобаның бастамашыларының басында аудан басшысы тұр екен.
– Бұл жобаны біздер былтырғы жылы бастаған болатынбыз. Ақсай қаласының Арталтал ауданында жол жөндеу жұмыстары аяқтала келгенде аялдамаларды жаңаша стильде әсемдеген едік. Бастамамыз қала халқына ұнады. Тұрғындар жақсы пікір айтқасын ары қарай жандандырып, барлық аялдамаларды жаңартамыз деген шешімге келдік. Байқасаңыздар аялдамаларда ұлт зиялыларының, Алаш қайраткерлерінің суреті мен аты-жөндері берілген. Бастаманың негізгі мақсаты да – ұлы тұлғаларымыздың атын насихатттау. Қазіргі кезде жастар кітап оқымайды, кітапхана араламайды деп реніш білдіріп жатамыз. Бәлкім осы әдіс арқылы оқушылардың әдебиетке, өнерге деген қызғушылығын оятармыз деген үмітіміз бар. Алда жаңа оқу жылы басталады. Сол кезде аялдамады тұрған оқушылар тұлғаларымызды көріп, кім екеніне зер салып, одан әрі өз еркіменен іздеп, алып кетеді деген сенімдеміз. Сонымен қатар аялдамаларды безендіру кезінде ауданымыздағы әдемі ғимараттарға да орын берілді, - дейді аудан әкімі Еркебұлан Ихсанов.
Бояуы қанық, дизайны әдемі аялдамалардың жаңа келбеті елдің көңілінен шығуы заңды еді. Оның үстіне Алаш деген атақты тұлғалардың келбеті жарқырап, жалын шашып, елге қарап тұрса неге сүйсінбеске?!
Ертең-ақ оқу жылы басталады. Балалар аялдамада бір-біріне ұлы тұлғаларымызды көрсетіп, таныстырып, аттарын жарыса айтып тұрса тамаша емес пе?! Осы тұста бұл жобаның берері мол екені байқалады. Анықтап қарасаң осы тәсіл ұлттық идеологияны насихаттаудың бір оңтайлы әдіс екені сөзсіз. Жобаның орындалуын бақылап, бәрінің сапалы болуы үшін осы істің басында жүрген жандардың тағы бірі ауданға танымал кәсіпкер жігіт Азамат Тәженов.
– Аудан әкімнің бұл бастамасы өте құптарлық іс болды. Барымызды салып, жобаның сапалы болуын қадағаладық. Осы жоба барысында «Өрнек-Ақсай» ЖШС-мен бірге тығыз жұмыс жасадық. Барлығы аудан халқының көңілінен шығып жатыр деген ойдамын, - дейді ол.
– Аялдамаларды жаңартуға арналған жұмыстарды орындау үшін екі аптадан артық уақыт кетті. Оның ішіне сызбасын жасап, кескіннің бекітілуі, оны жаңарту жұмыстары кіреді. Тапсырыс берушілердің ойы мен өзіміздің қиялымызды ұштастыра отырып, тың дүние жасап шықтық деген ойдамын. Тапсырыста негізінен ұлт зиялыларының жарқын бейнесін аудандағы аялдамаларды жарқырап көрсету болды. Сол арқылы аудан халқының жүрегіне ұлтшылдық, ұлттық рух деген құндылықтардың сәулесін сіңіру. Онымен бірге халық жүрегіндегі тұлғалардың қанатты сөздерін қоса ұсындық. Оның басында аялдамада тұрған адам осы сөздерді оқып көңіліне шуақ, ойына қуат, өзіне күш ала ма деген ой жатыр. Бұл ойымыз тапсырыс берушілердің оймен дәл ме дәл келді. Аялдамалар орнатылғанан бастап халықтың тарапынан жылы пікірлер естіліп жатыр. Әрине бұл біз үшін үлкен мерей. Алдағы уақытта елдің пайдасына жарайтын, халықтың көңілінен шығатын осындай жұмыстар болса, сапалы да жылдам жасауға дайынбыз, - дейді «Өрнек-Ақсай» ЖШС басшысы Жәмила Исалиева.
Салынған аялдамаға халықтың пікірі жылы екенін айтып жатырмыз. Дегенмен аудан тұрғындары ұлы тұлғалардың бейнесі бүлініп ұятты болып қалмайық деп те алаңдайды. Өйткені кезінде әлгі телефондағы жасанды әдіс арқылы талай тау тұлғаны әнші етіп сайратып, аузы-басын қисатып, масқарамыз шыққанымыз ұмтылмаған-ды. Картинаны келеке қылып жүргенде көшеде тұрған суреттерді жыртып, сызып, бүлдіре ме деген күдік жоқ емес.
– Біріншіден аялдаманың жаңаруы қалаға көрікіне көріп қосып, әдемілеп тұрады. Ал бүгінгі күні онда бейнеленген ұлы тұлғалардың суреттері бойға мақтаныш пен жанға рух береді. Тек сол әдемі көріністерді қажет емес жарнамаларды жапсырып қор етпесе деген ой келеді. Қала мен аудан тұрғындары және қонақтары «Бұл өз үйім ғой, таза әдемі күтіп ұстайын» деген санамен қабылдаса нұр үстіне нұр болмақ. Енді жасалған нәрсе сапалы болса, аз уақыттан соң желімдері ашылып, жалбырап қалмаса, - деп пікір білдірді қала тұрғыны Ботагөз.
Кейбір жандар аялдамалардағы дизайн әдемі екенін алға тартады. Дегенмен қала көріністері безендірілген суреттермен шектелген дұрыс болар еді деп топшылайтындар да бар. Өйткен ұлт қайраткерлерінің суреттерін іліп, оның қадірін түсіріп аламыз ба деп қауіптенеді.
– Аялдамалардың жаңа түрі мықты ғой. Біздің халық қадірін түсініп, бүлдірмесе екен. Менің ойымша аялдамаға қала көріністері де жарар еді. Ұлы тұлғаларды аяқ астына қойып, оның тұсына ертең ит-мысық қаптап, сыра-шарап шөлмектері үйіліп жатса, сәні болмас, - деген пікір келтірді Нұргүл есімді қала тұрғыны.
Қала көшелерінің сәніне сән, көркіне көріп қосып тұрған аяламалардың айтар ойы мен мән-мағынасы зор. Алайда тұрғындар тарапынан айтылып жатқан пікірдің де жаны бар. Дегенмен ұрпаққа ой салар, көлік күтіп тұрғанда көңіліне шуақ сыйлар сөздер жақсы әсер сыйлайды деген сенімдеміз. Бірақ осы дүниенің қадірін білсек екен...
Мейрамбек Сыдықов
Бөрлі ауданы