21.12.2023, 16:15
Оқылды: 129

Бударин ауылында мәдениет үй күрделі жөндеуден өтті

Бүгін Ақжайық ауданының Бударин ауылдық мәдениет үйінің күрделі жөндеуден кейінгі ашылу салтанаты өтті. Оған аудан әкімі Мұрат Сердалин арнайы барып, будариндіктерді қуанышпен құттықтады.

бударин м (2)

– Тоғыз жолдың торабында орналасқан Бударин ауылы – қаймағы бұзылмаған мекен. Сіздерді құттықтаймын! Алдағы уақытта талантты өнерпаздар шығып, ауыл атын әлемге танытсын. Осыған дейін Мерген, Жамбыл ауылдарында мәдениет үйілері жөндеуден өтіп, іске қосылды. Мұндай игі істер ауданда әлі де жалғасады, – деді аудан басшысы.

бударин м (3)

Салтанатқа жиналғандар алдында Бударин ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Амантай Сапаров ауылдастар атынан алғысын айтып, ақын Сағынтай Бисенғалиев жыр шумағын арнады. Ақтарылған ақ тілекке аудандық мәслихат хатшысы Сәлімгерей Сиражев те қосылды. Жөндеуден кейін жаңаша келбетке енген ғимараттың лентасын «Жайдарман» әжелер ансамблінің жетекшісі Қарлығаш Сапарова мен 8-сынып оқушысы Диас Жақсылықов қиды.

бударин м (4)

Аудан әкімі Мұрат Сердалин мен ауыл тұрғындары жаңа нысанды аралап көріп, одан кейін мәдениет қызметкерлері ұйымдастырған концертті тамашалады.

бударин м (5)

Айта кету керек, осыған дейін мәдениет үйі 2000 жылы жөндеуден өткен. Биыл басталған күрделі жөндеу жұмысын шымкенттік «ГрадСтройСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді.

Олар ауылдағы бес азаматты жұмысқа тартты. Бөлінген қаражат 134 159 918.40 теңге. Мәдени нысанның залы – 150 орындық.

Азамат Қанапия,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале