Бүгін Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов әріптесі, Сырым аудандық білім беру бөлімінің басшысы Әкежан Жамбыловпен бірге Жымпитыдағы мектеп-лицейдің Білім күніне арналған салтанатты шарасына қатысты.

Білім беру саласы - еліміздің тұрақты дамуы мен жарқын болашағының кепілі. ҚР Президенті Қасым - Жомарт Тоқаевтың білім сапасын арттыруға бағытталған саясатын әр мектеп сезіп отыр.
Сырым ауданы 2025 - 2026 оқу жылын 3148 оқушымен бастады. 20 мектеп, 2 мемлекеттік балабақша, 1 жеке бөбекжай және 3 қосымша білім беру ұйымы балалардың білім алуы мен тұлғалық дамуы үшін жұмыстанады.

Биыл 281 бүлдіршін мектеп табалдырығын аттады. Бүгінгі балалар - елдің ертеңгі егелері. Сондықтан, біз үшін әр баланың оқумен қамтылуы, тәрбиеленуі маңызды.
97 түлек биыл мемлекеттік білім грантының иегері атанды. Өмірдің алғашқы жеңісі осылай басталады.
ҚР Үкіметінің 2008 жылы 25 қаңтардағы Nº 64 қаулысында көрсетілген санаттарға сәйкес ауданымыздың 1000 баласына 46 млн 228 мың теңге көлемінде қаражат ата-аналары мен заңды өкілдерінің есеп шоттарына аударылды. Жаңа оқу жылына сәттілік. Ұрпақ шамшырағы, ізгіліктің жаршысы ұстаздардың қызметіне табыс тілеймін, - деді Жұмагелді Жолдыбайұлы.
Сырым мектеп-лицейі жаңа оқу жылын 8 сынып компонентімен, 96 оқушымен бастап жатыр. Директорының міндетін уақытша атқарушы Гүлнұр Кенесаринаның айтуынша, 2024 - 2025 оқу жылында мектептің білім сапасы 90,2 пайызды, ал үлгерім 100 пайызды құраған.
Сырым ауданындағы білімге құштар, ғылымға іңкәр оқушылар дәл осы лицейдің партасын таңдап жатады. Ал, тереңдетілген білім беретін мектеп оқушылар мен ата - аналардың өзіне артқан сенімін ақтауға бейіл. Ақтап та келеді. Биыл лицей түлектерінің 89 пайызы мемлекеттік грант иегерлері атанды.

“Мектебім - мейірім мекені” шарасы аяқталғаннан кейін сыныптарда тәрбие сағаттары өтті.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы