30.01.2025, 16:00
Оқылды: 137

Бүгінгі еңбек – ертеңгі табыс

Бүгін аудан орталығында осындай тақырыппен жұмысшы мамандықтар көшбасшыларының форумы өтті. Атауынан-ақ байқалғандай, ауқымды шара «Жұмысшы мамандықтар жылының» аудандағы жылашар бастауына айналды.

IMG_7826

Аталмыш форумға аудан әкімі Мұрат Сердалин, облыстық техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінен, Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінен өкілдер, аудан жұмысшылары, еңбек ардагерлері қатысты.

IMG_7813

Мұнда алдымен Ақжайық аграрлық-техникалық колледждің өткені мен бүгіні, келешекке жоспарынан толыққанды хабар берген бейнеролик көрсетіліп, аудан басшысы М.Сердалин сөз сөйледі.

– Жұмыстың жаманы жоқ. Түптеп келгенде, барлық еңбек қадірлі. Өз ісін жетік меңгергендер ұлт сапасын арттырады. Сондықтан елімізде еңбек адамының мәртебесі әрқашан өзгелерден биік тұрады. Атаулы жылдың жариялануы да осы мақсатты көздейді. Демек, техникалық және кәсіптік оқыту орындары да білікті кадрлар даярлауы қажет. Бұл ретте аудан орталығындағы аграрлық-техникалық колледжге зор міндет жүктеледі.  Оқу орны түлеп ұшырған мамандардың жұмысқа орналасуы, біліктілігі, өңірімізде сұранысқа ие мамандықтарға талдау жүргізу – осының бәрі бір сәтке де бақылаудан түсіруге болмайтын жұмыс, – деген ол еңбек адамын дәріптеу мақсатында атқарылар қам-қарекеттерді бөлісті.

IMG_7859

Сахна төрінен орын алған спикерлер форум тақырыбына қатысты өзекті ой-ұсыныстарды ортаға салды. Айталық, облыстық әдістемелік орталық, техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Райгүл Қуаншалиева облыстағы колледждердің пәрмені мен әлеуетін баяндаса, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ политехникалық институтының докторы Ербол Ербаев колледждер мен ЖОО арасындағы ынтымақтастықтың берер мүмкіндіктерін айтып берді.

IMG_7865

Аудандық мансап орталығының директоры Орынбек Жапашев жұмысшы мамандықтарына қысқа мерзімді курстарда оқыту бойынша ахуалды тілге тиек етті.

IMG_7835

IMG_7868

«Сәтимолла» кен орнының калий тыңайтқыштарын өндірудегі мүмкіндіктері жөнінде «ҚазақКалиум ЛТД» жеке компаниясының бас экономисі Тілеуберген Ғабдоллин компания жоспарын бөлісті. Колледждің түлегі Біржан Кухаев мамандыққа адалдықтың маңызы жөнінде сөз қозғады.

Әлия Шарапиева,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале