26.03.2021, 11:55
Оқылды: 58

Бүгінгі үздік қазақ фильмдері қандай?

Қазақ кино өнерін Голливудпен немесе басқа киноиндустирямен салыстыруға келмейтіні анық. Десе де соңғы жылдары отандық киноиндустрияның жаңа өнімдері өзінің көрерменін тапқандай.

A721C3BA-DBDC-4D4D-8420-C3862AD620DB

Өткен ғасырдың 20-30 жылдары бастау алған қазақ киносы туралы айтқанда көп нәрсеге көңіліміз толмайтын. Бірақ соңғы 10-15 жылда шыққан отандық өнімдер халықтың жақсы бағасын алып үлгерді. Тіпті шетел кинотеатрларында да көрсетіле бастады. 038055DE-A274-4740-A418-022350E16007

Ел киноиндустриясы жаңа есімдермен толығып, жас режиссерлар, актерлер, сценаристер мен продюсерлер көрерменді сапалы өнімдерімен қуантуда. Киносүйер қауым қазақ киносының үздік режиссерлары қатарына Тимур Бекмамбетов, Асқар Ұзабаев, Ерлан Нұрмұхамбетов, Асқар Бисембин, Ақан Сатаев сынды шеберлерді жатқызады. Ермек Тұрсыновтың да туындылары көрерменнің оң бағасына ие.

Бұл режиссерлардің картиналары ТМД елдерінде танымал. Үздік кинофестивальдарда жүлдегер атануда. Алайда елімізде бұдан бөлек те талантты өнерпаздар аз емес. Газетіміздің бүгінгі санында көрермен назарына лайық деген бір топ қазақстандық фильмдерді ұсынамыз және көруге кеңес береміз.

Соңғы жылдардағы ең үздік қазақстандық туындылардың бірі - «Анаға апарар жол». 2016 жылы жарық көрген Ақан Сатаевтың 3 сағаттық драмасы өткен ғасырдың 30-40-жылдарындағы қазақ халқының басына түскен нәубетті суреттейді. «Анаға апарар жол» картинасының негізгі сюжеті ана махаббатының қуатты күшінен бастау алады. Бір отбасының өмірі арқылы түгел халықтың көрген азабын экранға сыйғызған режисердің шеберлігіне таң қалмасқа болмайды.

«Аңшы бала». Бұл туындыны 2012 жылы Ерлан Нұрмұхамбетов түсірді. Комедия жанрындағы балалар фильмі он екі жасар қалалық Қамбардың атасы мен әжесі тұратын ауылда өткізген оқиғасын баяндайды. Отбасымен бірге отырып, көруге тұрарлық туынды.

«Айка» - жүлде жағынан барлығынан озық туынды. Жас актриса Самал Ислямованың да жұлдызын жағып, ТМД әртістерінің ешқайсына бұйырмаған жүлде алғызған да осы кино. Бұл фильмді 2018 жылы қазақ елінің тумасы, Сергей Дворцовый жарыққа шығарды. Оның драмасы табыс іздеп Мәскеуге келген жас қыздың оқиғасын баяндайды. Тағдыр тәлкегіне түскен Айка жаңа туған баласын перзентханада қалдыруға мәжбүр болады. Фильмде өзінің әрекетіне шыдай алмаған қыздың өмірі суреттеледі.

«Саташ» 2018 жыл. Режиссер Төлеген Байтукеновтың бұл туындысы - кішкентай ауылдағы жалғыз полиция қызметкері мен бандылық топтың арасындағы қақтығысын баяндайтын шебер картина.

«Бала ғашық» 2018 жыл. Бегарыс Елубаевтың балаларға арналған кинофильмі туған ауылдан интернатқа көшуге мәжбүр болған баланың тарихын баяндайды. Бұл жерде оған есеюге, жаңа жағдайларға көндігуге, жолдастарына сыйлы болуға үйренуге тура келеді.

«Қаламгер» 2019 жыл. Мұрат Бидосовтың бұл туындысы ХХ ғасырдың 70-ші жылдарын суреттейді. Алматылық "Қаламгер" кафесі озық ойлы жазушылар үшін бостандықтың жарық сәулесіне айналады. Мұнда қырғи-қабақ соғыс, Брежневтің тоқырауы, тыйым салынған кітаптар еркін талқыланады. Ал айнала - цензура. Бұл туындыдағы актерлардың ойынына арыз айтуға болады. Бірақ түпкі ойы үшін фильмді көруге кеңес береміз.

Ақан Сатаевтың 2016 жылы жарық көрген «Районы» кинофильмі – қала шетінен орталыққа көшіп, жаңа мектепке ауысқан Арсен атты жігіттің басынан кешкен оқиғасы, Алматыдағы шағын аудандар арасындағы қырғын суреттеледі. Бір жағынан фильм ескі «Балкон» атты кинотуындыға ұқсас. Бірақ жастар қылмысын жасөспірімдердің түсінігі және жігіттер арасындағы иерархияны аша түскен.

«Сказ о розовом зайце» - бай жастар мен қарапайым жастардың арасындағы айырмашылықты көрсеткен фильм. Сюжет бойынша ауылдан келген студент пен байдың баласы достасады. Екеуі бай баласының мәселесін шешу үшін талай қулыққа да барады. Тіпті Ақан Сатаевтың «Рэкетир» фильмінің комеосы да киноға ерекше сән бергендей. Айтпағымыз бұл фильмнен көп ақша адамды қалайша өзгертетінін де көруге болады. Режисер Фархад Шарипов осы фильм арқылы «алтын балалар», яғни байдың балаларының қиындықтан қалайша оңай шығып кететінін көрсеткісі келгендей. Атақты Үсеновтің де шуы дәл осы кинотуынды шыққан кездері көп айтылып жатқан еді. Бірақ кейін қазақ киносы бұл тақырыпқа қайта оралмады.

Иә, қазақ киносы да көрерменін жақсы туындылармен ара-тұра болса да қуантып тұрады. Бұлардан басқа «Шал», «Фара» «Адасқандар» «Регистратор», «Красавчики до нашей эры», «Әкім», «Рэкетир», «НеДелиМое» сияқты атап өтуге тұрарлық фильмдер бар. Әсіресе Тұңғышбай Жаманқұлов пен ресейлік Андрей Мерзликин ойнаған «Адасқандар» фильмі қызықты. Қалай болғанда да бұл тізім субьективті. Қандай фильм, қай фильмді көреміз десе де көрерменнің өз еркі.

 Аружан Аманжол,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале