Елбасы Н.Ə.Назарбаев еліміздегі төтенше жағдайға байланысты Қазақстан халқына үндеу жасады.
Осындай ауыр кезеңде үн қату, халықты сабырға, ақылға шақырып, жақсы тілек-ниетімен бөлісу бұрыннан бар дәстүр. Қазақтың қамын ойлаған талай би-шешендеріміздің, абыз-ақсақалдарымыздың ел басына күн туғанда айтқан бір ауыз сөзі, жылы лебізі, жақсы ниеті халықты жеңіске жетеледі. Белестерді бағындыруға, қиын күндерден аман-есен шығуына себепші болды.
Қазіргі уақытта еліміз бойынша 30 күн мерзімге төтенше жағдай жарияланды. Отыз жылға жуық ел басқарып, халқымызды талай тығырықтан шығара білген Елбасымыздың ел үшін алаңдауы, халқына қамқор көңіл-ниетін білдіруі де заңды. Төтенше жағдайға байланысты жұмыс режимін ұмытқан ақ халаттылар бүгінде тынымсыз еңбек етіп, дертке шалдыққандарға ем жүргізіп жатыр. Өз ісіне адал дәрігерлердің «Біз сіз үшін жұмыста қалдық, сіз біз үшін үйде отырыңыз» деген үндеуі бүгінде көптеген жүректерге жол тауып, халықтың дәрігерге деген сенімі мен сыйластығын тағы бір дәрежеге көтергендей болды. Сын сағаты таяған шақта қауіпті кеселдің нақ ортасында жүретін мұндай жандарға, әрине, қоғамның алғысы шексіз.
Елдің бірлігі болғанда ғана барлық қиындық атаулыны еңсеретініміз анық. Сол себепті елдегі төтенше жағдай кезеңінде сабыр сақтап, татулығымызды көрсетуіміз қажет. «Біз біргеміз» ұранымен бұл уақытша кезеңнен де өтетініміз айқын.
Алма Төлепқалиева
Бәйтерек аудандық жастарымен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер