Бәйтерек ауданы Январцев ауылында орналасқан бұрынғы балалар үйінің жанынан құрылған «Жас Ұлан» жазғы лагерінің демалушылары Токиода өтіп жатқан олимпиада ойындарында ел намысын қорғап жатқан спортшыларымызға қолдау білдірді. Олар әр атлетке арналған суреттер салып, лагерь ішін олимпиада ауылына айналдырды.
Таң атысымен еркін күрес шебері Нұрислам Санаевтың белдесуін қараған бүлдіршіндер отандасына жанкүйерлік етіп, жеңісін бірге тойлады. Сондай-ақ байдарка мен каноэде сынға түскен Маргарита Торлопова мен Наталья Сергееваға да қолдауларын білдірді. Соңғы екі қызымыздың жеңілісі де балалардың көңіл күйін түсірмеді. Өйткені оларға мұғалімдері жеңіс үшін жігерленген спортшылардың бәсекесіне жанкүйер болуға рұқсат етті.
Сондай-ақ боксшы Қамшыбек Қоңқабаевтан да қолдауын аямаған лагерь демалушылары құрама капитанының жеңілісіне өкініш білдірді.
Шара барысында тәрбиешілер демалушыларға биылғы олимпиаданың алғаш жүлдесін алып берген дзюдошы Елдос Сметов, ауыр атлет Зульфия Чиншанло және Игорь Сон туралы мағлұматтар беріп, білімдерін толықтырды.
Кейін балалар волейбол жәнен дойбыдан өзара мықтыны анықтады.
Арал Болпышұлы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz