Бұлдырты ауылында киелі білім ордасының 100 жылдық мерейтойына орай «Талай тарих тұңған сенің бойыңда» атты мерейтойлық шара өтті.
Алдымен бұлдыртылықтар және ауыл қонақтары жалпы білім беретін Бұлдырты орта мектебінде болып, өздері оқыған алтын ұяларына деген сағынышын басты. Одан соң мектеп ұжымы және оқушылары ұйымдастырған концерттік бағдарламаны тамашалады.
1924 жылы мектеп құрылған кезеңіндегі алғашқы ұстаздардың бірі болған, орыс тілі пәні мұғалімі және тәрбиеші қызметін атқарған Файзолла Ғұсманов атаның қызы, қазақ тілі пәнінің мұғалімі, ардагер ұстаз, ардақты зейнеткер Света Ғұсманова сөз сөйлеп, өзі қызмет қылған мектебі жайында тебіреніске толы естелік айтып, сағынышын тарқатты.
Содан соң меймандар ауылдағы мәдениет үйінде өткен «Талай тарих тұнған сенің бойында» тақырыбындағы ғылыми-практикалық конференциясында болды.
Конференцияның ашылу салтанатының алғашқы сөзін аудан әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев алды. Облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин, Бұлдырты ауылдық округінің әкімі Салауат Нұрпейсов сөйледі.
Мектептің 100 жылдығына орай «Талай тарих тұнған сенің бойында» атты кітап жарыққа шыққан болатын. Кітаптың салтанатты сәті – тұсау кесу рәсімін Мереке Ахметов пен Ұлықпан Әбдірахман жүргізді.
Бұлдыртылық ағайындар мен мектеп меймандары түстен кейін дала қызықтарын тамашалады.
Жерлесіміз Бауыржан Халиолла бастаған ақындардан, республикамызға белгілі Бауыржан Ширмединұлы мен Талғат Мықидың айтысынан соң, ауыздығын шайнап, сөре сызығына сыймай тұрған құнандар мен аламан бәйгенің сәйгүліктері Бұлдырты мектебінің 100 жылдығына шаңнан шашу шашты. Палуандар белдесіп, әйелдермен ерлер арасында жаяу желаяқтар жарысы өтті.
Қоңдыкер Елеуов
Сырым ауданы