4.12.2023, 16:15
Оқылды: 42

Бұлдыртыда амбулатория бой көтереді  

 

Сырым ауданы әкімі Жұмагелді Батырниязов Бұлдырты ауылына сапарында Бұлдырты орта мектебіне аялдады. Мектеп директоры Алмагүл Төлеуованың айтуынша, 2024 жылы ғасырлық тойын тойлағалы отырған мектепке жөндеу керек. Бүгінде мектептің акт залының төбесінен жаңбырлы күндері су кетіп тұр.

Бұлдырты 1

Одан кейін аудан басшысы «Ауыл аманаты» жобасымен жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, сүтті-етті бағыттағы сиырлар алған Тұрарбек Қазтуғановтың шаруашылығымен танысты.

Бұлдырты ауылындағы халықпен кездесу округ әкімі Салауат Нұрпейісовтың хабарламасымен басталды. Жиынға аудан әкімімен қатар, аудан прокуроры Нартай Байменов қатысты.

Бұлдырты 2

Аудандық аурухана директоры мәлімдеуінше, Сабыр Меңдешев Бұлдырты ауылдық округі бойынша МӘМС төленбейтін 169 тұрғын бар. Бұлдыртылықтар үшін қуанышты жаңалық – 2024 жылы мұнда ауылдық дәрігерлік амбулатория салынады. Қазіргі уақытта амбулатория құрылысының орны, мердігері анықталды. Бұл ауылдағы денсаулық сақтау саласына қатысты айта кетерлік мәселе – дәрігердің жоқтығы. Ауданның бас дәрігері денсаулық үйі салынған соң, жоғары білімді жалпы тәжірибелік дәрігер әкелуге уәде берді.

Бұлдырты 7

Аудандық мансап орталығының директоры Саламат Иманғалиев ауыл тұрғындарын қайтарымсыз грант алуға шақырып, оны мақсатты жұмсау керектігін айтты.

Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Абдухамит Дабаров Бұлдырты орта мектебіне келесі жылы 100 жыл толуына орай жөндеу мен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың есімін беру туралы ұсынысын ортаға салды. Ауыл ақсақалы Чапай Есенғали ауылдан дәріхана ашу, транформатор ауыстыруды, Бұлдырты ауылына бұрылыстан ауылға кіргенге дейінгі жолға жарық сұрады.

Ауыл әкімінің айтуынша, ауылда дәріхана ашуға ниетті тұрғын бар, Бұлдыртыда дәріхана ашылатын күн де алыс емес.

Бұлдырты 5

Аудандық электр торабының бастығы Мақат Шамаров ауылда электрик маманның мәселесі шешімін тауып, екі электрик жұмысқа кірісетінін айтты. Болат Тасқалиев «Таза су» бағдарламасымен қазылған су құдықтарының орнына қауіпсіздік мақсатында белгі қою керектігін көтерді. Нұрлыбек Уалиахмет ауыл көшесінің құмдарын тегістеп, ояңдау жерлерге Қызылқұмнан құм әкеліп төгіп, судың жүретін жолдарын аршуды жөн санайды.

Бұлдырты

Кездесу жиынын аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов түйіндеді:

– Бұлдырты мектебіне келер жылы 100 жыл толатынынан хабардармыз. Мектепті жөндеу туралы ұсыныстарыңызды білім беру бөлімінің басшысымен бірге кеңесеміз. Мектепке кімнің есімін беру туралы тұрғындар бас қосып, бір шешімге келулеріңіз керек. Ауылішілік жолдарды жөндеуге конкурс жарияланды. Мердігері анықталып, 2024 жылы басталады. Ауылға кіре беріс жолды жылдың соңына дейін «Тагра» ЖШС күтіп ұстайды. Одан бөлек аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен келесі жылы аудан жолдарын күтіп ұстауға конкурс ойнатылады. Ниет білдірушілер болмаса, қосымша екі айға «Тагра» ЖШС жолдарды күтіп ұстайды. Құдықтардың орнына белгі салумен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен «Сырым» коммуналдық шаруашылық мекемесі айналысады. Ауылға электрик маманын тұрақтандыру үшін тұрғын үй мәселесі шешілді. Дәрігер келсе, оның да баспана мәселесін шешеміз,- деді аудан басшысы.

Жиыннан соң, аудан әкімі Ж.Батырниязов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале